Ұлытау облысында жылыту маусымына 4 қазандық қана дайын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлытау облысында жылыту маусымына 4 қазандық қана дайын

02.10.2023

Бірқатар өңірде жылу орталықтарындағы жөндеу жұмыстары кестеден кешігіп жатыр. Ұлытау облысының орталығы Жезқазған мен Түркістан облысының Кентау қаласындағы жағдайды осы өңірлердегі тілшілерімізден білейік.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Жезқазған жылу энергия орталығындағы қазандықтарды жөндеу жұмыстары көңіл көншітпей отыр. Биыл қазандықтар мен турбиналарды модернизациялауға 11,7 млрд теңге бөлінген. Қазір жергілікті биліктің мәлімдеуінше 4 қазандық қана дайын. Қалған қосымша екеуін осы қазан айында жөндеп бітеміз деп уәде беріп отыр. Станциядағы қазандық агрегаттары 74%-ға, турбиналар 63%-ға ескірген. Апат айтып келмейді. Жылда қыс ортасында мұнда жиі ақау шығады. Сондықтан қосымша қазандықтардың дайын тұрғаны маңызды. Тұрғын үй және әлеуметтік мәдени тұрмыстық объектілердің де дайындығы пысықталуда. Өңірдегі 109 автономды жылыту жүйелері, 244 әлеуметтік мәдени тұрмыстық объектілер, 1 389 көппәтерлі тұрғын үйлер 10 қазанға дейін дайын болуы тиіс. Халық үшін көмірдің жалпы қажеттілігі 110 мың тонна. Соның 36 мың тоннасы жеткізілген. Түркістан облысының Кентау қаласы да жылу беру маусымына толыққанды дайын емес екен. 

Кентау қаласына жылу қараша айында беріледі.

 Айнұр Әбілқасымқызы, тілші:

Биыл Кентау қаласындағы тұрғын үйлер мен мекемелерге жылу тек қараша айының басында беріледі. Өйткені шаһардың жылу орталығындағы төрт қазандықтықтың жөндеу жұмыстары әлі аяқталмады. Мамандар қазандыққа қажетті жабдықтың әлі жеткізілмегенін айтады. Бірақ орталық жылу маусымына 25-ші қазанда дайын болады дейді жауаптылар.

Қуаныш Ысқақов, Кентау қаласы әкімінің орынбасары:

Тәуліктік орта температура 9 -10 градус болатын болса, біз қазандықты қоспаймыз. Ал бізде 1-ші қарашада 27 градус болайын деп тұр. Сондықтан біз ауа-райына қарап, соған байланысты қосатын боламыз.

Айта кетейік, аталмыш энерго орталықтан жылу 14 мың абонентке беріледі. Яғни, қаладағы 330 көпқабатты үй мен екі мың жеке сектор және бюджеттік мекемелер осы орталықтан жылытылады. Жылудың сапасын жақсарту үшін биыл төрт шақырымнан аса магистральдық жылу трассасы ауыстырылды.

Хабарламаларға жазылу