SuperStar KZ: Жартылай финалда алғашқы ондық бақ сынайды
Араға 20 жыл салып көрерменімен қайта қауышқан «SuperStar KZ» жобасы шешуші кезеңге жетті. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған мыңдаған үміткердің арасынан іріктелген үздіктер енді финалға жолдама алу үшін бақ сынайды. Бұл жолы кімнің жұлдызы жарқырайтынын қазылар алқасы емес, көрермен шешеді. Жартылай финалдың алғашқы тікелей эфирі ертең сағат 20:00-де біздің арнадан көрсетіледі.
Төрт мың үміткерден басталған дода ең жауапты кезеңге жетті. Қазақстанның тоғыз қаласын аралаған шығармашылық топтың іріктеуінен өтіп, телевизиялық кезеңде бағын сынаған өнерпаздардың ішінен үздік отыз анықталды. Қазір дайындық қызу жүріп жатыр. Өйткені ертең олардың алғашқы оны финалға жолдама алу үшін барын салады.
Алтынай Әйтен, жоба қатысушысы:
Өте қиын болды, бұл кезеңге жету. Әр сайыста 30-40 адамнан кетіп отырды. Біз өте қатты қобалжыдық, шынымен де. Бірақ мен осы жартылай финалға жеткеніме өте қатты қуаныштымын. Өйткені бұл мен үшін үлкен мәртебе әрі мүмкіндік. Ертең тікелей эфир. Дайындық қызу. Мен алғашқы болғандықтан, одан да үлкен жауапкершілік мойнымда.
Иә, енді миллиондардың алдында өнер көрсету екінің біріне бұйыра бермейтін мүмкіндік. Алтынайға жартылай финалдың шымылдығын ашу міндеті жүктелсе, Нұрбақ ондықтың өнерін түйіндейді.
Нұрбақ Нұрболұлы, жоба қатысушысы:
Иә, мен соңғы болып өнер көрсетемін. Соңғы түйенің жүгі ауыр дегендей, ауыр жүк түсіп тұр. Өйткені мен барлық қатысушының өнерін көріп, іштей бағалап, одан кейін барып өзімнің өнерімді көрсетемін. Сондықтан да іштей қобалжу бар, қорқыныш бар. Бірақ сахнада оны жеңемін деп ойлаймын!
Бұл кезеңде әнді жақсы орындау ғана аздық етеді. Ең бастысы - көрерменнің жүрегіне жол табу. Өйткені енді қатысушылардың тағдырын халықтың дауысы шешеді. Ертең тікелей эфирде дауыс беру басталады. Алдағы үш аптада 30 қатысушы осылай үш топқа бөлініп өнер көрсетеді. Әр топтан екі өнерпаз финалға жолдама алады.
Ләззат Биғали, жоба продюсері:
Енді мықтыларды тек көрермен таңдайды. Біздің ойымызша, ол ең әділ шешім. Өйткені нағыз «SuperStar»-ды халық таңдауы керек.
Дегенмен жартылай финалда жолы болмағандарға есік мұнымен жабылмайды. Дауыс беру нәтижесі бойынша ең жоғары ұпай жинаған үміткерлердің арасынан тағы он қатысушы іріктеліп, додаға қайта қосылады. Олар да көрерменнің ықыласына бөленіп, финалға өту мүмкіндігіне ие болады. Бұл топтан тағы екі өнерпаз ақтық кезеңге жолдама алады. Осылайша, финалда бас-аяғы сегіз қатысушы бақ сынайды. Одан кейін бәсеке қыза түсіп, апта сайын бір өнерпаз жобамен қоштасады. Ал көптен күткен жеңімпаздың есімі 27 желтоқсанда белгілі болады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы