Анкарада жарылыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Анкарада жарылыс болды

02.10.2023

Кеше Түркия астанасы Анкара қаласында жарылыс болды. Елдің ішкі істер министрлігі ғимараты алдында белгісіз бір адам өзін-өзі жарып жіберген. Анкарада қауіпсіздік шаралары қатаңдатылып, арнайы қызметтер күшейтілген жұмыс тәртібіне көшірілді.

Айдос Әшімұлы, тілші:

Анкарадағы Ішкі істер министрлігіне қарасты қауіпсіздік басқармасы ғимаратының кіреберісінде болған жарылыстан екі полиция жараланды. Кеше таңғы 9 жарымдар шамасында оқиға орнына жеңіл көлікпен келген лаңкестер бірден ғимарат алдында тұрған полиция қызметкерлеріне оқ жаудыра бастаған. Бір террорист кіреберіске жақындаған бетте өзін өзі жарып жіберген. Дер кезінде әрекет еткен полицейлер екінші террористің өзін жарып жіберуіне мүмкіндік бермей оны залалсыздандырды. Оқиғадан ешқандай бейбіт тұрғын зардап шеккен жоқ. Түркияның ішкі істер министрі жаралы полицейлердің жағдайы бірқалыпты екенін айтты.

Әли Йерликая, Түркияның ішкі істер министрі:

Жараланған екі полицейіміздің денсаулықтары жақсы. Бір қызметкеріміз жансақтау бөлімінде жатыр. Дегенмен өмірлеріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Дәрігерлермен және полицейлердің туған туыстарымен әрдайым байланыстамыз. Бұл қаһарман полицейлерге барлығымыз қарыздармыз.

Айдос Әшімұлы, тілші:

 Әзірге террористердің қай ұйымға мүше екендіктері анықталған жоқ. Бір белгілісі террористер мінген көлік ұрланған болып шықты. Елдің Әділет министрлігі мен Анкара прокуратурасы тергеу жұмыстары басталғанын жариялады. Оқиға орнында арнайы мамандар сараптама жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу