Басты Жаңалықтар Түркістан облысында мақта өңдейтін 14 өндіріс ашылады

Түркістан облысында мақта өңдейтін 14 өндіріс ашылады

Түркістан облысында мақта-тоқыма өндірісі қарқын алды. Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешенінде шикізат әбден терең өңделіп, дайын өнім дүкен сөрелеріне жіберіледі. Яғни мақта өсіру, оны өңдеу, тоқыма және тігін өнімдерін шығару бір жүйеге біріктірілген. Жобаға 86 млрд теңге қаржы салынған. 
Түркістан облысында мақта өсіру және тоқыма кластерін құруға арналған инвестициялық жоба сәтті жүзеге асты. Тамшылатып суару әдісімен егілген мақта алқабының көлемі екі есеге артты. Мәселен Отырар ауданында өткен жылы 32 мың гектар жерге мақта осы әдіспен егілген, албиыл оның көлемі 52 мың гектарға жеткізілмек. Бұл жүйе суды үнемдеп қана қоймай өнімділікті 3 есеге дейін артырады. Нәтижесі де жаман емес. Шаруашылық өткен күзде гектарына 60 центнерден 34 мың тонна өнім жинап алып, өңдеп шығарған. 
Жеңіс Қастер, технолог:
Бұл зауытта  мақтаны мусорын бөлек, ұрығын бөлек, үш бөліп алады. И тазалаған мақтаны престеп, бөлек жинаймыз оны. Күніне осы бір зауыттан 185 тонна мақта өндіріледі бұл жерде. Одан кейін 700 тоннадай мақтаның дәні өндіріледі бөлек.
Көпсалалы кешен аумағында сондай-ақ жылына 50 мың гектар егіс алқабын заманауи тамшылатып суару әдісімен қамтамасыз ететін өндіріс орны ашылған. Сондай-ақ 30 мың гектар алқапты суару, реттеу және бақылау толық автоматтандырылған. Екі зауытта 200 адам жұмыс істейді.
Қытайлық компания Түркістаннан толық циклді тоқыма бұйымдарын өндіретін мақта агроөнеркәсіптік кешенін іске қосты. Мұнда жіп иіру, мата тоқу, тігін және дайын тоқыма өнімдерін шығаратын бірнеше цех жұмысын бастайды. Мақта талшығынан оннеше түрлі жіп шығарылады.
Ли Женхя, жұмысшы:
Мұндағы жұмыс желтоқсан айында басталды. содан бері мақтадан ай сайын 300 тоннаға жуық жіп алынды. Жақында жіңішке жіптерді дайындауды бастадық. Бір ай болмай, 100 тоннаға жуық өнім алдық. Зауыт қызметкерлері толықса, өнім көлемін тағы 2-3 есе арттыруды жоспарлап отырмыз.
Инвесторлар жұмыс күші тапшы екенін айтады. Осыған байланысты жергілікті колледж түлектерін жұмысқа тарту, мамандарды тегін оқытуға арнайы  гранттар бөлінбек.
Сюй Цзе Дже, жоба инвесторы:
Мамыр айынан бастап 47 млн шаршы метр мата, 2 млн төсек-орын жабдықтары және 4 млн көрпе шығарылатын болады. Биыл мақта алқаптарында өндірілген ақ алтынның 80 пайызы экспортқа шығарылады. Оның ішінде Түркия, Қытай, Өзбекстан және Еуропа елдеріне жөнелтіледі. Қалғаны осы зауытта терең өңделеді.
Инвестициялық жоба аясында Отырар ауданы мен Түркістан қаласы аумағында 14 зауыт ашылады. Бүгінгі күні оның төртеуі жұмыс істеп тұр.

Бөлісу