Тамызда «Қазақстан» шахтасында болған өртке 100 пайыз жұмыс беруші, яғни «АрселорМиттал Теміртау» басшылығы кінәлі. Осы аптада комиссия 5 кеншінің өліміне алып келген апатқа байланысты тексерістің қорытындысын жариялады. Оған сай, шахтадағы өрт конвейер лентасы мен жылжыту механизмінің үйкелуінен шыққан.
Жалпы, кеніштегі техникалық қауіпсіздік талаптары бұзылғанын дәлелдейтін өзге де факттер анықталған екен. Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов энергия механикалық қызметінің бақылауы әлсіз екенін мәлімдеді. Ал өртке себеп болған конвейер лентасы сертификатталмаған әрі тез тұтанғыш болып шықты. Соған қарамастан, компанияның басшылығы пайдалануға рұқсат берген көрінеді.«АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Виктор Гафиулов «Барлығы қолданыс кезінде алдын ала тексерістен өткенін, лентаны шығаратын зауыт Үндістанда орналасқанын» айтып ақталған екен.
Комиссия шешімімен кен орнының 28 жауапты тұлғасы апатқа кінәлі деп танылып отыр. Оның екеуі - Үндістан азаматы. Олар өртенген ленталарды сатып алу бойынша келіссөздер жүргізген. Қалғаны - қазақстандық мамандар.
Жұмысшылардың өндірісте мертігуі және қазаға ұшырауы көп болып кеткенін Президент те Жолдауда сынға алған еді. «Үкімет кәсіпорындардың технологиялық және экологиялық ахуалын, денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін батыл шаралар қабылдауы қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Расымен, кен орындарындағы апаттардың жиілеуі - алаңдатарлық жағдай. Себебі, бір ғана «АрселорМиттал»-дың шахталарында 28 жыл ішінде 136 адам қайтыс болған. Тіпті осы «АрселорМиттал»-дың Ленин шахтасында 2006 жылы метан жарылып, бір емес, бірден 41 кеншінің қаза болғаны ел есінде. Соңғысы жоғарыда айтқан оқиға 17 тамызда болды.
Шахтада жұмыс істейтін кеншілер 800 метр тереңдікке түседі. Көмірді бұрғылайды. Әр кенші жұмысқа кеткенінде үйіне, бала-шағасына ораламын ба, жер астынан аман шығамын ба?, - деген сұрақпен үйрей құшағында жүреді дейді, - Марат Миргаязов. Ол көмір өндіретін кеншілердің кәсіподақ төрғасы. Марат Миргаязовтың өзі де 40 жылын осы кен саласына арнаған. 10 жылдан аса жер астында көмір өндіргенін айтады. Жалпы елімізде 26 мыңнан аса кенші болса, оның 20 мыңнан астамы осы Марат Миргаязов төрағалық ететінн кәсіподақтың мүшелері. Қазір кеншілер зейнетке шығу жасын 50 жасқа дейін қысқартуды сұрап отыр.
Марат Миргаязов, «Қазақ көмір кәсіподақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
Біз шахтерлердің 50 жастан зейнетке шығу мәселесін көтеріп жатырмыз. Себебі, кеншілер арасында мүгедектер қатары көбеюде.Бүгінде 2 мыңнан асты. Көмірдің ордасында, жердің астында жұмыс істегендіктен өкпеміздің өзін қара түтін басқан. Бірінші кезекте кеншілерді зейнетке 50 жастан шығару, екінші мәселе техникалық қауіпсіздік. Себебі, кен орындарындағы апаттардың барлығы қауіпсіздік жүйесінің жоқтығынан, тозған жабдықтың салдарынан болуда. Сондықтан, Үкімет біздің ұсынысымызды негізге алып, кеншілердің қауіпсіздігін заңмен бекітсе деп сұраймыз.