Жақында ұлттық банк базалық мөлшерлемені соңғы үш жылда бірінші рет төмендеткен еді. Көрсеткіш 16,75 пайыздан 16,5 пайызға түсті. Банк өкілдері инфляция біртіндеп төмендеп келе жатқанын айтты. Мәселен, жылдық инфляция тамызда 13,1% болған. Салыстырсақ, сәуірде 16,8, мамырда 15,9% еді.
Ал, осы аптада Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров базалық мөлшерлемені әлі де төмендетуді ұсынды.
«Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені біртіндеп төмендетуі керек. Олар негізінен инфляцияны ұстап тұру үшін осы күнге дейін дұрыс істеді. Бірақ жағдай тұрақталған сайын, ставка төмендеуі керек. Менің ойымша базалық мөлшерлеме әлі де 1-2 пайызға аз болуы тиіс»,-деді ол.
Биылғы жылдың алғашқы 7 айында экономикалық өсім де 4,8 пайызға жеткен. Ал, базалық мөлшерлеменің төмендеуі алдағы уақытта нарыққа қалай әсер етеді? Экономистер не дейді?
Максим Барышев, экономист:
Бұл кәсіпкерлерге тиімді. Өйткені, несиелердің пайызы төмендейді. Сәйкесінше бизнесмендер несиемен жаңа кәсіп бастауға мүмкіндік алады. Бізде ғана емес әлемде де кәсіпкерлер тиімді несие арқылы дамиды. Мысалы, несие үстемесі 10 пайыздан жоғары болса ол кәсіп саласына тиімсіз, соның салдарынан экономика әлсірейді.
Жақында Азия даму банкі де Қазақстандағы инфляцияға байланысты болжам айтқан. Оған сәйкес биыл жылдық инфляция 12,7%-ды құрауы мүмкін. Келесі жылы 7,6%. Яғни, жыл сайын азая береді. Инфляция төмендесе халықтың сатып алу қабілеті жақсаруы заңдылық. Бірақ, қыркүйек басталғалы доллар бағамы күн сайын 2-3 теңгеге көтеріліп барады.
Тіпті, теңге соңғы бір айда шамамен 30 теңгеге арзандаған. Экономистер теңгенің әлсіреуіне әсер еткен фактордың бірі Ресей валютасының құлдырауы,-дейді. Ал, доллардың қымбаттауы экономикаға кері әсер етуі мүмкін.
Одан бөлек, ай сайын төмендеп келе жатқан инфляцияны Ұлттық экономика министрлігінің бір шешімі қайтадан көтеріп жіберуі мүмкін. Осы аптада министрлік қосымша құн салығының мөлшерін 12%-дан 16%-ға өсіруді ұсынды. Министр мөлшерлемені ұлғайту бюджетке қосымша түсімдер әкелетінін айтқан:
«Егер біз оны көтерсек, республикалық бюджетке жыл сайын 2,4 трлн теңгеге дейін қосымша қаражат түседі. Бұл ақша әлеуметтік шығыстарға жұмсалады».-деді Әлібек Қуантыров.
Бірақ сарапшылар мөлшерлеменің артуы тауар бағасының өсуіне әкеліп соғуы мүмкін,-дейді. Өйткені, бұл жанама салық түрі болғандықтан, тұтынушыларға тікелей әсер етеді.
Берік Зайыров, Тәуелсіз бизнес одағы басқармасының төрағасы:
Мысалы, бізде делдалдар көп. Әрбірі 4 пайыздан қосады десеңіз, соңында тауар бағасы қаншаға өсетінін болжау да қиын. Одан бөлек, 4 пайыз дегеннің өзі 12-нің 3-тен бірі. Яғни, кей тауар 30 пайызға қымбаттауы да мүмкін.
Тимур Жаркенов, «Атамекен» ҰКП Салық кодексінің жобасына ұсыныстар әзірлеу тобының басшысы:
Президенттің шағын бизнес біртіндеп орта бизнеске айналуы тиіс деген тапсырмасы да орындалмай қалуы мүмкін. Өйткені, осының салдарынан көп кәсіпкердің көлеңкелі экономикаға кетіп қалу қаупі жоғары.