Президент Нью-Йоркте америкалық компанияның жетекшілерімен кездесіп келіссөз жүргізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Нью-Йоркте америкалық компанияның жетекшілерімен кездесіп келіссөз жүргізді

24.09.2023

Айтпақшы, Президент Нью-Йорк қаласына жасаған бірнеше күндік жұмыс сапары аясында 18 кездесу өткізіп үлгерген. 11 елдің басшысы, БҰҰ-ның Бас хатшысы және 6 америкалық компанияның жетекшілерімен келіссөз жүргізді.

Mastercard компаниясының атқарушы вице-президенті Никола Вилламен кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев корпорацияның ТМД-дағы, Орталық және Шығыс Еуропадағы консалтингтік бағытты дамыту үшін Алматы қаласын өңірлік хаб ретінде таңдау шешімін қолдайтынын айтты.

Ал WabTec компаниясының басшысы Рафаэль Сантана көлік-логистика саласына 1 млрд доллар инвестиция құю жоспарын бөлісті. Мұны құптаған Президент бұл бастама Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға ықпал ететінін атап өтті.

Amazon корпорациясының вице-президенті Сьюзан Пойнтермен кездесу аясында жаһандық алпауыт елдердің дата-орталықтарын Қазақстанда орналастыру туралы келісімге қол қойылды.

Сондай-ақ, Президент Мажарстан, Словения, Иран, Финляндия, Эстония, Румыния, Черногория, Португалия, Моңғолия, Кения және Корея мемлекеттерінің басшыларымен келіссөз жүргізіп, елдер арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Президенттің жұмыс кестесі келесі аптада да тығыз болатын сияқты. Ақорда баспасөз қызметі Мемлекет басшысы 28-29 қыркүйек күндері Германияға ресми сапармен барып, Федералдық Канцлер Олаф Шольцпен және Федералдық Президент Франк-Вальтер Штайнмайермен кездесетінін аңдатты.

Әрі Орталық Азия мен Германия мемлекеттері басшыларының саммитіне қатысатынын жариялады. Демек, Орталық Азия аймағы жақын арада ақпарат кеңістігінен түсе қоймайтын сияқты...


Хабарламаларға жазылу