Алматы облысында «Еңбек жолы» конкурсының жеңімпаздары марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында «Еңбек жолы» конкурсының жеңімпаздары марапатталды

22.09.2023

Алматы облысында «Еңбек жолы» конкурсының жеңімпаздары марапатталды. Шараға облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Әбдірахым қатысып, халықты мерекемен құттықтады. Байқауға өтініш қабылдау тамыз айында басталған.

Конкурс "Үздік еңбек әулеті", "Кәсіпорынның жас жұмыскері" және "Жұмысшы жастардың үздік жетекшісі" атты үш номинация бойынша өткізілді. Жеңімпаздарға әділ қазылардың шешімімен ақшалай және арнайы сыйлықтар берілді.

Айжан Жүнісова, «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясының жеңімпазы:

Мен «Ең жас маман» аталымы бойынша жеңімпаз атандым. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң бірден жұмысқа орналасқан едім. Қатардағы қызметкерден бастап қазір бөлім басшысына дейін жеттім. Бұл марапат мені ары қарай шабыттандырады.

Марлен Тұрсынбайұлы, балық шаруашылығының жетекшісі:

Өте бүгін қуаныштымыз. Әрине, бұл көп жағдайда Алматы облысындағы, Қазақстандағы жалпы еңбек адамдарына деген, еңбек етуге деген стимул. Еңбек етіп жатқан адамның еңбегі бағаланған сайын еңбек етуге жоғары нәтижесі болады деп ойлаймын.

 Конкурсқа еңбек әулеттері мен кәсіпорын жұмыскерлері қатысты. Сондай-ақ, әр салада еңбек етіп жүрген сала мамандары мен отбасылар бақтарын сынады.

Айгүл Ахметова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

Өздерінің анкеталарын тапсырып, өздерінің жұмыс істеп жатқан жерлерін көрсетіп, өздерінің слайдтарымен бізге барлық 9 аудан мен Қонаев қаласында өздерінің өтінімдерін өткізіп, сол үш жақты комиссияда қаралды.

Шара соңы мерекелік концертпен жалғасты. Конкурстың негізгі мақсаты - жастарды еңбекке баулу, тынымсыз еңбек етіп жүрген әулет пен кәсібін жүргізіп жүрген адамдарды анықтау дейді ұйымдастырушылар.


Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу