Екібастұзда жылу желілерін жөндеу жұмыстары кешеуілдеп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екібастұзда жылу желілерін жөндеу жұмыстары кешеуілдеп жатыр

22.09.2023

Екібастұзда жылу желілерін жөндеу жұмыстары кешеуілдеп жатыр. Оның үстіне жаңадан тартылған құбырларды гидравликалық сынақтан өткізу кезінде бірнеше жерден ақау шыққан. Екібастұз қаласына жылу мерзімінде беріле ме? Нақты жағдайды аймақтағы меншікті тілшіміз жеткізеді.

Болат Аманбаев, тілші:

Жылу маусымы әлі басталған жоқ. Бірақ екібастұздық тұрғындар осы бастан әбігерге түсіп жатыр. Себебі, орталық магистральға қысым берілген екен, құбырлар шыдас бермей, әр жерден жарылып кеткен. Су үйлерге кіріп жатыр.

Жарылған құбырдан атқылаған су Ситдиковтардың қақпасын жұлып әкетіп, үйдің алдын балшық басып қалған. Екі күннен бері тазалап жатыр.

Наталья Ситдикова, Екібастұз қаласының тұрғыны:

Үйдегі мүлкіміз бүлінді. Бақшадағы жемістер жарамсыз болып қалды. Қысым беріліп, су атқылаған кезде тас аралас топырақ ұшты. Осыны бақылайтын бірде-бір жұмысшы көрмедім. Осы жерде балалар жүрсе не болар еді? Сөзім жоқ.

Ресми мәліметке қарағанда, қала жылу маусымына 96 пайыз дайын. Бірақ көшелерде жұмыс әлі жүріп жатыр. Мердігер компания өкілдерінің ешқайсысы сұхбат бермеді. Тапсырма солай дейді.

Болат Аманбаев, тілші:

Бұл Екібастұздың орталығындағы негізгі магистраль. Сәуір айында қазылған. Бірақ бекітілуі былай тұрсын, құбырлар әлі күнге дейін бір-біріне жалғанбаған.

Себебі, диаметрі үлкен құбырды жіксіз жалғайтын компенсаторлар Ресейден әлі жеткізілмеген. Негізі қаланың ішкі жылу желілерін ауыстыруға 7 млрд теңге бөлінген, 80 пайызы игеріліпті.

Аян Бейсекин, Екібастұз қаласының әкімі:

Төрт магистраль реконструкциядан өтуі тиіс еді. Үш магистральде жұмыстар аяқталды. Енді оны абаттандыру мәселелері қалды. Жылу камераларының облицовкасы бар, көму жұмыстары бар, оны тегістеуі бар. Ол жұмыстарды біз бір-екі аптаның ішінде аяқтауды көздеп отырмыз. Бірақ магистраль іске қосылып, жұмыс істеуге дайын тұр.

Өткен қыста әбден жаурап, зәрезеп болған тұрғындар жөндеу жұмыстары тәулік бойы жүргізілсе, дейді. Себебі, аяқталмаған іс әлі көп деп санайды.

Жылу орталығындағы қазандықтар да бастан аяқ жөнделіп жатыр. Әкімдіктің мәліметіне қарағанда, әзірге төртеуі дайын. Қазан айында тағы екеуі іске қосылмақ. Былтыр ақ қар көк мұзда әбден дірдектеп шыққан жұрт биыл қыста жылу үздіксіз беріледі деген жергілікті атқамінерлердің уәдесіне сенгісі-ақ келеді.


Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу