Бұқтырмадағы көпір құрылысы тоқтап қалуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бұқтырмадағы көпір құрылысы тоқтап қалуы мүмкін

21.09.2023

Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су қоймасындағы көпір құрылысы тоқтап қалуы мүмкін. Өйткені нысанды салуға қажетті қаражат әлі толық бөлінбеген. Бастапқы құны 31 миллиард теңге болған жоба бүгінгі есеппен 62 миллиардқа жеткен. Көпірді салып жатқан мердігер мекеме соңғы жарты жылда несие алып, жұмысты жүргізіп жатыр. 

Бұқтырмадағы көпірдің тез салынуын Күршім, Зайсан, Марқакөл ауданының халқы күтіп отыр. Өйткені Өскеменнен ең алыс бұл үш өңірдің қатынасы қыста мұзға, жазда паромға тәуелді. Сондықтан жұрт көпірдегі нөпір азаяды деп қуанған.

Ермек Есенбаев, Күршім ауылының тұрғыны:

Көпірдің құрылысына қаржы бөлініп, бас кезінде екі жылдың ішінде салып береміз деген. Қанша қаржы бөлінгенін халық біліп отыр. Қазіргі күнде бұл қаржы бітіп қалды деген әңгіме шығып жатыр. Соған байланысаты көпір тоқтап қала ма деген халықтың санасында абыржу бар.

Көпір құрылысы басталған 2021 жылдан бері республикалық бюджеттен 28 миллиард теңге бөлінді. Ал қазір 60-62 миллиардқа жеткен. Тікелей Президенттің тапсырмасымен салынып жатқан бұл көпрдің ұзындығы – 1316, ені 12 метр болады. Екі жолақты көпірден тәулігіне 80 мың автокөлік өте аталады.

Бұқтырма су қоймасының үстінен салынып жатқан бұл көпір – еліміздегі ең үлкені. Стратегиялық нысанның құрлысына ең білікті мамандар тартылған. Екі жыл бұрын басталған құрылыстың бүгінге дейін 50 пайызы істелді. Көпірді межелі мерзімде салып бітіру үшін жұмысшылар бірнеше аусыммен жыл он екі ай күндіз-түні еңбек етіп жүр.

Құрылысы өте күрделі нысан екі жағадан қарама-қарсы салынып жатыр. Бүгінге дейін қажетті 21 тіреудің тоғызы қадалды. Енді қаржы тапшылығанан мердігер тығырыққа тіреліп отыр. Бірақ құрылысты тоқтатпас үшін жақында 1 миллиард теңге несие алған.

Әсет Сұлтанов, мердігер компания директорының орынбасары:

Биыл жоспарлап отырған жұмыстарды аяқтау үшін шамамен алғанда кем дегенде 10 миллиард астам қаражат керек. Жалпы жобаны аяқтау 34 миллиард теңгені талап етеді

Қолданыстағы бюджет кодексіне сәйкес жетпей тұрған қаржы жергілікті бюджеттен бөлінуі тиіс. Алайда облыста ондай қомақты қаржы жоқ болып шықты. Сондықтан Автокөлік жолы басқармасының басшылары көпір құрылысын толық республикалық бюджеттен қаржыландыруды ұсынып, үкіметке хат жазған.

Нұрбек Тұраров, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:

Қазір орталық органдар осы мәселені қарастыруда. Министрлікпен келісім бар. Нәтижесінде бұл нысанды автокөлік жолдары комитетіне берген жағдайда көпірді қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

Қаржыландыру мәселесі шешілсе, құрылыс 2025 жылы аяқталуы тиіс. Өйткені Ертіс пен Бұқтарманың сол жағлауындағы үш аудандағы 50 мың ел осы көпірге елеңдеп отыр.


Олжас Керейхан

Хабарламаларға жазылу