«Қазақстан» шахтасындағы апатқа жұмыс беруші тарап кінәлі – ТЖМ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан» шахтасындағы апатқа жұмыс беруші тарап кінәлі – ТЖМ

18.09.2023

Қарағанды облысындағы «Қазақстан» шахтасындағы апатқа 100 пайыз жұмыс беруші тарап кінәлі. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов айтты.

Қайғылы жағдайға себепкер болды деген күдікпен 28 адам тергеліп жатыр. Үкіметтік комиссияның қорытындысына сәйкес, кеніште өрескел техникалық ақаулар табылған. Жуырда ғана ауыстырылған ленталар «жанғыш» материалдан жасалған боп шықты. Талап бойынша олар өртке төзімді болуы тиіс. Ленталы конвейердің жылжыту механизмі дұрыс жұмыс істемей, қатты үйкелістен өрт тұтанған. Шахтаның инженерлік-техникалық жағдайына, өндірістік қауіпсіздікке бақылау талапқа сай жүргізілмеген. Ленталы қондырғының да сертификаты болмаған.

Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

Көмірдің биіктігі роликтен асып түскен. Сол себепті роликтер айналмай қалған кезде лентаға үйкеліп, сол жерде көмір биіктігі жоғары болғаннан жылу энергиясы көмірге беріліп сол жерден тұтанып жанған болатын.Көмір жанған соң әрі қарай лентада өртенген.

Еске салайық, 17 тамызда «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты «Қазақстан» шахтасында өрт шығып, 5 адам көз жұмған еді. Қайғылы оқиғаға кінәлі ретінде күдікке іліккендер арасында екі Үндістан азаматы бар. Олар басшылық қызметте отырған. Ленталарды сатып алу бойынша келіссөз жүргізген де солар.


Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу