Президент Ермек Серкебаевтың 100 жылдық мерейтойына орай құттықтау хат жолдады
Ғасырлармен үндескен ғажайып дауыс. Астанада Қазақстанның халық әртісі Ермек Серкебаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған концерт өтті. Мерейтойлық кешке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтау хатын жолдады. Салтанатты шараға даңқты әншінің жақындары, елімізге белгілі өнер қайраткерлері қатысты. Олар Ермек Серкебаевтың репертуарындағы таңдамалы туындыларды орындады.
«Тақиялы періште», асқақ баритон, қазақ операсының алтын дәуірі. Осы үш ұғымның тоғысар тұсында Ермек Серкебаевтың есімі тұр. Ғасырлар алмасса да көмейінен төгілген сол бір үннің қадірі кеміген жоқ. Мерейтойға жолданған Президенттің лебізінде де әншінің өз биігінен түспегені айтылған. Мемлекет басшысының құттықтауын Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оқып берді. Мемлекет басшысы біртуар тұлғаның қазақ және әлемдік опералардың таңдаулы партияларын асқан шеберлікпен орындап, төл мәдениетіміздің абыройын халықаралық сахналарда асқақтатқанын айтты.
Ол бекзада өнердің бекзат болмысты өкілі еді. Сондықтан Серкебаветың 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтетін мерейтойлар тізіміне енгізілді. Даңқты опера әншісінің жақындары да концерттің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, мәдениет пен руханиятқа тұрақты қолдау көрсетіп отырған Президентке ризашылығын білдірді.
Байғали Серкебаев, A’Studio тобының жетекшісі:
Әкемнің есімін әрдайым мақтанышпен айтамын. Ол қазақ өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып, елімізді әлемге танытты. Әкемнің шығармашылық мұрасына көрсетіліп отырған құрмет үшін Мемлекет басшысына шынайы алғысымды айтамын. Сондай-ақ осы концерттің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан барша ұйымдастырушы мен өнерпаздарға ризамын.
Мұрат Серкебаев, Қазақстанның халық әртісі:
Концерттің мазмұны да, ұйымдастырылуы да жоғары деңгейде өтті. Көрерменнің ыстық ықыласы да айрықша. Руханиятқа үнемі көңіл бөліп, осындай тағылымы мол жобалардың жүзеге асуына қолдау көрсетіп отырған Президентке арнайы алғыс айтқым келеді. Осындай көрнекті өнер қайраткерлерінің есімі ұлықталып жатқаны аса маңызды.
Қазақ операсының жауһар ариялары, халық әндері мен классикалық шығармалар кештің көркемдік келбетін айшықтады. Расында Ермек Серкебаев салған сара жол бүгінгі кәсіби әншілер үшін үлкен мектеп.
Сүндет Байғожин, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:
Біз үшін, мен үшін, баритон дауысты әнші үшін Ермек Серкебаев үлкен шың. Бізге жол көрсеткен өнердегі үлкен ағамыз, атамыз. Сол себептен ол кісінің өнерін жалғастырып, біз де жас буын әншілер сол кісіге еліктеп өстік. Бүгінгі кеш керемет өтті деп ойлаймын. Өйткені, ол кісінің репертуарындағы ариялар болсын, опералар болсын, әндер болсын, әр қазақтың жүрегінде. Мен үшін де бүгін осы концертте ат салысу үлкен қуаныш болды.
Ұлы өнер иелері сахнадан кеткенімен, үні халықтың жадынан кетпейтіні анық. Сондықтан ғасырлық мерейтой қазақтың классикалық өнеріне тағзым жасаған тағылымды кеш болды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы