Астанада Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр. Науқанда өңірден жеткізілген құны 200 миллион теңге болатын 400 тоннадан астам өнім ұсынылды. Күріш, ет, балық, құрт, ірімшік пен қарбыз-қауын саудасы қызды.
Күзгі жәрмеңкені асыға күткен астаналықтар бүгін таңғы сағат 8-ден орталыққа қарай ағылды. Қызылорданың ақ күрішін іздеп, арнайы келгендер бар. Оны сатып алуға ұзын-сонар кезек тізілді. Сондай-ақ, Сыр елінің балығы мен қауын-қарбыздың саудасы да қызды.
Жәрмеңкеге қатысу үшін 60-қа жуық шаруашылық 50 жүк көлігіне өнімдерін тиеп әкелген. Жалпы алғанда құны 200 млн теңге болатын 500 тоннаға жуық өнім ұсынылды. Оның ішінде 140 тонна күріш, 10 тонна ет және 30 тоннаға жуығы балық өнімі. Сондай-ақ, көкөніс,жеміс-жидек, бақша өнімдері, ас тұзы, сондай-ақ, сүт өнімдерінің түр-түрі бар. Әр тауардың құны нарықтағы бағадан 10-20 пайызға төмен.
Серік Қожаниязов, Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары:
Биыл оңтүстік өңірде судың тапшылығы болып, жағдай өте қиын болды. Бірақ, соған қарамастан, Сыр елі дихандары еңбегінің арқасында еккен егінді, үлкен шығынсыз жинап алды. Жақсы болып жиналды. Бүгін мына жылдағы дәстүр бойынша елордаға, Астанаға осы шығарған өнімдерімізді алып келіп, жәрмеңке өткізіп жатырмыз. Бүкіл аудандардан, бізде 7 аудан бар. Сол 7 ауданнан келіп отыр.
Сондай-ақ Сыр елінің бірқатар өнерпазы, концерттік бағдарлама ұйымдастырып, астаналықтарға ерекше көңіл күй сыйлады. Жәрмеңке екі күн бойы жалғасады.