Павлодарлық тұрғындар шөпті несиеге алуға мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарлық тұрғындар шөпті несиеге алуға мәжбүр

14.09.2023

Павлодарлық тұрғындар шөп сатып алу үшін банктерден несие рәсімдеуге кірісті. Қуаңшылық салдарынан ала жаздай шабарға шөп таппаған шаруалар мал азығын дайындауға енді кірісіп жатыр. Себебі, қыркүйекте басталған толассыз жауыннан соң көк қайта көтерілді. Бірақ ылғалдың мол түсуі жұмысқа бөгет. Сондықтан жұртшылық дайын шөп сатып алуға мүдделі. Асқар Әділхан Павлодардың іргесіндегі ауылда тұрады. Азын аулақ мал басын сақтап қалу үшін қарыз алуға мәжбүр болдым дейді.

Асқар Әділхан,  Павлодар ауылының тұрғыны:

Қазір тіпті менің зейнетақым 70 мың, ал шөп 90-100 мың деп тұр. Мен ақшамды қалай жеткіземін. Бір телешка шөпке жетпей қалды. Балаларға тамақ алып беруім керек. Екі-үш малдың баққан ақысы бар.

Алдан Маманұлы, Павлодар ауылының тұрғыны:

Мен биыл бес-ақ телешка ғана алдым. Өте қымбат. Енді ол бәрібір жетпейді. Сондықтан малды азайтамын ба?! 

Аймақта ет бағасы күрт арзандады. Себебі, ірі шаруашылықтар малдарын қасапханаға өткізіп жатыр. Әкімдік төрт түлікке қажетті қысқы азық дайындау үшін субсидия көлемін ұлғайтқан. Бірақ бұл мақсатқа бөлінген 3 млрд.теңге тек қана шаруа қожалықтарымен фермерлерге, серіктестіктерге беріледі. Ал қолында 4-5 тұяғы бар жеке адамдарға ешқандай көмек жоқ.

Марат Ақтаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен сабан дайындау және жеткізу бойынша жақын маңдағы аудандармен келіссөздер жүргізілуде. «Павлодар» ӘКК» АҚ арқылы 10 мың тонна көлемінде жемдік астық сатып алу бойынша резервтік қор құрылады. 


Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу