Батыс Қазақстан облысында киіктер егістік пен жайылымды отап тастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстан облысында киіктер егістік пен жайылымды отап тастады

12.09.2023

Батыс Қазақстан облысында киіктен зардап шеккен шаруалар 8 млрд теңге өтемақы сұрап, киік санын реттеуді талап етіп отыр. Арнайы комиссияның есебінше, 1 млн гектар егістік пен жайылым жерді түз жануары отап, таптап тастаған. Шаруалар киіктен қорғану үшін электр бақташы орнатқан. Әрі егістің айналасын тікенек сыммен қоршап тастаған. Бірақ киік мұны бұйым көрмейді. Үйірімен жөңкіліп келіп, нөпірмен үзіп өтеді. Шаруалардың биіктігі кісі бойындай боп өсетін екпе шөбі 15 см-ден аспай қалған. 18 млн теңге шығынға батып отыр.

Бауыржан Сабанов, шаруа:

Биыл киіктен зардап шектік. Жалпы 350 гектар судан шөбін еккем, соның 250 гектарын киік таптап кетті. Жалпы облыс бойынша өтемақы ретінде 8 млрд теңге көмек сұрап отырмыз. Облыс, республика деңгейінде көмектеспесе, биыл шаруаларға мал азығы қиындап кетті.

Киік егістіктен бөлек, 1 млн гектар жайылым жерді отап, таптап тастаған. Ол аумақта 500 мыңнан аса ірі қара бар. Шаруалар қой мен жылқыны айтпағанда, сиыр басына 20 мың теңгеден төлеп, өтемақы берілсін дейді. Облыс резерваты биологиялық негіздеме бойынша 300 мың киікке лайықталған. Ал қазір өңірде киік саны төлдегеннен кейін 2 млн-ға жеткен. Ауру тарап, өліп жатқандары да көп дейді бөкейордалық шаруалар. Сондықтан шұғыл түрде киік басын реттеуді сұрайды.

Мырзабай Боранбаев, шаруа:

Ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасымен, солардың ғалымдарымен 500 га жерге осыдан үш жыл бұрын егіс ектік. Соған шыққан шөпті киік түпнұсқасымен тапап, тамырын жұлып, отап жатыр. Мынадай акт жасаттық. 10-15 центнер күтіліп отырған өнімнің, яғни арпаның 80,5 %-н тапап, жойып кеткен. Киіктің санын реттемесе, басқа мүмкіндік жоқ.


Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу