«Саламатты Қазақстан» пойызы Атырау облысындағы ауыл тұрғындарына көмек көрсетіп жатыр. Арнайы жасақталған шойын жол тіркемесі қазір Аққыстау елді мекеніне аялдаған. Әлеуметтік бағыттағы жобаның игілігін 5 айдың ішінде 92 мыңнан астам адам көрген.
60 жастағы Гүлайым Әбдіренованы көптен бері тісі мазалаған. Жаныма батқаны соншалық, тамақтанудан қалдым дейді зейнеткер. Ол осында білікті дәрігерлерге көрініп, асқынған дертіне лезде шипа тапты.
Гүлайым Әбдіренова, Аққыстау ауылының тұрғыны:
Рентгенге де түстім. Осылай ауылға келіп тұрса, бізге де тиімді. Дәрігерлердің бәрі қарапайым екен. Бәрі ұнады.
Вагондағы емханада 50-ге тарта маман бар. 8 вагонның төртеуі толық медициналық құралдармен жабдықталған. Хирургтар 5 айдың ішінде 5311 адамға операция жасап, өміріне араша түскен. 10 күннің ішінде игі жобаның шарапатын 2 мыңнан астам атыраулық көрген. Дәрігерлер үйде жатқан науқастарға да барған. Пойыз әлі шалғайда орналасқан өңірдегі 3 бекетке тоқтайды.
Айнұр Егінбаева, «Саламатты Қазақстан» пойызының бас дәрігері:
Атырау облысы бойынша мамандардың ішінде көп сұранысқа ие болғаны – кардиолог, стоматолог, невропатолог дәрігерлер. Сонымен қатар Ультрадыбыстық зерттеу. Осы мамандар көп сұранысқа ие болды.
Әлеуметтік жобаға психологтар мен заңгерлер тартылған. Бір ғана медиатордың арқасында 200-дей адам татуласқан.
Жанар Үсіпбекова, халықаралық медиация институтының басшысы, заңгер:
3 мыңнан астам құқықтық көмек көрсетілді. Мыңнан астамы – медиативтік көмек. Ең басты мәселе – несие. Бұл тек Атырау өңірінің мәселесі емес, бүкіл Қазақстан бойынша.
«Саламатты Қазақстан» пойызы 6 желтоқсанға дейін тағы 75 мыңға жуық ауыл тұрғынына көмек көрсетуді көздеп отыр. Алда әлі 6 облыс бар. Бас-аяғы 120-дан астам станса қамтылмақ. Дәрігерлер мен заңгерлер керуені апта соңына қарай Ақтөбе өңіріне барады деп жоспарланып отыр.