Ақмола облысында биыл 10 мектеп жабылды. Себебі шалғай елдімекендерде халық саны аз. Ал оқушылар тіпті, жоқтың қасы. 10 мыңға жуық бала көрші ауылдарға қатынап оқиды, 170-тен астамы интернатта жатып білім алады. Ауылдарда қазақ тілінде білім беретін оқу орындары аз. Облыстағы 537 мектептің тек 67 пайызы мемлекеттік тілде оқытады.
Төлеген Қаратаев, тұрғын:
Балаларымыздың қазақша оқығанын ұнатамыз. Ал енді қызымызды амал жоқтан сол орыс мектебіне беріп жатырмыз. Биыл екінші класта оқиды. Ал екі немерем Зерендіде Мәлік Ғабдуллин мектебінде оқиды.
Проблема мұнымен бітпейді. 300-ге жуық шағын жинақталған мектептің 100-ден астамы талапқа сай емес. Яғни, мұғалімдер мен оқушы саны жеткіліксіз. Қазақ сыныптарында оқитын бала да аз. Биыл облыс бойынша бірінші сыныпқа барған оқушылардың 48 пайызы ғана мемлекеттік тілде оқуға ниет білдірген.
Айгүл Шақшақова, облыстық Білім басқармасының бас маманы:
Ақмола облысында 2020-2025 жылдарға арналған орыс тілінде білім беретін мектептерде қазақ тілінде сыныптар ашудың қадамдық жоспары әзірленген. Осы жоспарға сәйкес, бізде екі жылдың ішінде екі таза орыс тілінде білім беретін мектептерде қазақ сыныптары ашылды.
Ұмсындық Наурызбаева