«Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму». Осындай атаумен Абай облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының І сессиясы өтті. Жаңадан құрылған облыста мұндай алқалы жиын алғаш ұйымдастырылып отыр. Оған татулық пен келісімді дәріптеп, еліміздің іргесін нығайуға атсалысып жүрген этномәдени бірлестіктер, достық үйлерінің өкілдері қатысты.
Отанымыздың іргесі бүтін, тұғыры мықты, бірлігі бекем болған сайын ел де дамиды. Сондықтан, Абай облысындағы Ассамблея мүшелерінің әрқайсысы өңірдің мәдени-рухани, әлеуметтік-экономикалық дамуынан шет қалған емес,-дейді сессияға қатысушылар.
Индира Тагиева, Әзербайжан этно орталығының жетекшісі:
Біздің Қазақстанымызда 100-ден астам өзге ұлт өкілдері тұрады. Сондықтан, ең бірінші Қазақстанымыздың болашағында даму болсын деп, келешегі зор болсын деп тілейміз. Келісіміміз жарасуы керек. Сондықтан осы Ассамблеяның алдына көп мақсат қойылып отыр.
Абай облысында бүгінде 5 Достық үйі, 50 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олар басшылары мен мүшелері консультативтік-кеңесші органдардың құрамына енген. Өңірдегі этносаралық қатынастарды нығайтуға, татулық пен бірлікті дәріптеу ісінде маңызды жұмыстар атқарып келеді. Облыстағы Достық үйлерінің жанынан 9 жастар қанаты құрылған.
Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкімі:
Адамзаттың бәрін бауырына балап, Абай аманатына адал жұрт бүгінде береке-бірліктің, тату тірліктің бақытты мекеніне айналып отыр. Ортақ үйімізде түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері ана тілдерін ұмытпай, мемлекеттік тілімізбен қатар өз тілдерін де дамытып келеді.
Өңірдегі өзге ұлт өкілдерінің арасында түрлі саланың тұтқасын ұстап дамытып отырғандар көп. Сессия соңында облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев белсенділік танытып, облыс пен елдің дамуына өз үлесін қосып жүрген Ассамблея мүшелерін марапаттады.