Семейде «Шығыс-2023» жедел тактикалық оқу-жаттығулары өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде «Шығыс-2023» жедел тактикалық оқу-жаттығулары өтті

06.09.2023

Семейде «Шығыс-2023» жедел тактикалық, командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтті. Әскерилер маневрлік қорғанысты жүргізудегі шеберліктерін шыңдады. 5 мыңнан астам адам мен 1,5 мың техника жұмылдырылған жаттығу кезінде әскерилер қақтығыстарда қолданылатын заманауи тәсілдерді көрсетіп, техникаларын сынады.

«Шығыс-2023» оқу-жаттығуы басқару органдары мен әскердің жауынгерлік әзірлігін, тапсырмаларды уақытында орындау қабілетін тексеру үшін қажет. Сарбаздардың шеберліктерін шыңдап, заманауи техникаларды ұрыс жағдайында қолданудың қыр-cырын жетілдіре түсуді көздейді.

Ерлан Өтемісов, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы жедел басқармасының аға офицері:

Жедел тактикалық, командалық штабтық оқу-жаттығуының соңғы кезеңі өткізілуде. Байқап тұрғандарыңыздай, бақылау пунктінде жедел басқарма офицерлері, жауға тойтарыс беру амалдарын пысықтап, жоғарғы қолбасшылыққа баяндама жасап жатыр.

Тактикалық жаттығу ұрыс жағдайымен пара бар деңгейде өткізіледі. Жедел әрекет ету, шабуылдау, тойтарыс беру мен әскери құрамды басқару сынды іс-қимылдар сын кезінде есепке алынды. Құрлық әскерлері басқармасы басшылары жедел-тактикалық оқу ойдағыдай өтті деп санайды.

Нұрлыхан Темірбеков, Құрлық әскерлері жедел басқармасының басшысы:

Оқу-жаттығуға қатысу үшін Аягөз танк бригадасы, 8-ші механикаландырылған бригада және артиллерия бригадалары тартылған. Әрқайсы өзі белгіленген тәртіпте жұмыстарын атқарып, жоғары дәрежелі көрсеткіштерді көрсетті.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери полигонындағы жаттығу, еліміздің 4 облысында өткен "Батыл-тойтарыс-2023" стратегиялық командалық-штабтық дайындықтың соңғы кезеңі. Тактикалық жаттығу нәтижесінде әскерилер қорғаныс операцияларын сәтті ұйымдастырып, шартты қарсыласқа шабуыл жасау арқылы көзін жойды.


Хабарламаларға жазылу