Түркиядағы жол апаты: Марқұмның 9 жасар ұлының денсаулығына қауіп жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркиядағы жол апаты: Марқұмның 9 жасар ұлының денсаулығына қауіп жоқ

04.09.2023

Түркияда жол апатынан қаза тапқан атыраулық Арайлым Нұғыманова мен 2 жасар қызының мүрдесі ертең елге жеткізіледі.

Қайғылы оқиға Газипаша-Анталья тас жолында болған. Жол талғамайтын көлік туристер мінген машинаны соғып, қарсы бетке шығарып жіберген. Соққының қатты болғаны сонша, темір тұлпардағы адамдар көліктің терезесінен ұшып кеткен. Салдарынан көз жұмған отандасымыздан бөлек тағы 17 адам түрлі дене жарақатын алып, ауруханаға түскен. Соңғы ахуалды меншікті тілшіміз Жандос Темірғалиден білейік. 

Жандос Темірғали, тілші:

Арайлымның мамандығы журналист болғанымен, оны көбі логопед-дефектолог ретінде біледі. Өңірге алғашқылардың бірі болып инклюзивті білім беруді кәсіби түрде қолданысқа енгізді. 2019 жылы ерекше балғындарды кешенді түрде дамытатын орталық ашып, жүздеген баланың мектепке баруына және 50-ден астам бүлдіршіннің бөбекжайға орналасуына ықпал етті. Қазір оның орталығында 100-ден аса бала бар.

Әйгерім Сахманова, Атырау қаласының тұрғыны:

Үлкен балам өткен жылы бірінші сыныпқа барды, қазір екінші сыныпқа көшті. Осы Арай Бақытжан арқылы. Қазір екінші қызым да бірінші сыныпқа қадам басты. Осы Арай Бақытжанова ақыл кеңес беріп, мотивация алған едім.

- Жандос, жолдасы мен баласының жағдайы қалай? Марқұмдардың сүйегін елге әкелумен кім айналысып жатыр?

Жандос Темірғали, тілші:

Қазір Сыртқы істер министрлігі мен Атырау облысының әкімдігі марқұмдардың сүйегін елге әкелу жолдарын ұйымдастырып жатыр.

Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

Бұл отбасында сақтандыру болған. Компания арқылы жасалған. Енді қазір туыстары Түркияға жетсін. Сол жерде шешім қабылданады. Жақын арада тездетіп, Қазақстанға жеткізуге көмек көрсетеміз.

Облыстық әкімдік отандастарымыздың мүрдесін ертең кешке қарай рейспен жеткізіледі деп отыр. 34 жасында құйрықты жұлдыздай ағып түскен Арайлымның артында жолын қарайлап қалған тағы бір ерекше қызы қалған еді.

Өкінішке қарай, сыртта жүрген тағы бір қандасымыз жайлы суық хабар келді. Бірнеше күн бұрын Пхукетте Қазақстан азаматының жоғалып кеткені туралы ақпарат тараған болатын. Екі күн бойы іздеу жұмыстары жүргізіліп, кеше 18 жастағы қазақстандықтың денесі табылды.


Хабарламаларға жазылу