Басты Жаңалықтар Қорғаныс министрлігі бірнеше пилоттық жобаның жүзеге асуына ықпал етті

Қорғаныс министрлігі бірнеше пилоттық жобаның жүзеге асуына ықпал етті

Елордада қауіпсіздік саласына қатысты үздік жобалар анықталды. Қорғаныс министрлігінің қолдауымен өткен конкурсқа мектеп оқушыларынан бастап, тәжірибелі инженерлер қатысты. Нәтижесінде инновациялық, қауіпсіздік пен қорғаныс және революциондық бағыттағы 3 жоба үздік деп танылды. Айта кетейік, күні кеше қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы инновацияларды қолдау орталығы ашылған еді. Бұл олардың ең алғашқы жобасы.

Конкурсқа қатысуға ел аумағынан 50-ге жуық жоба қабылданған. Алайда іріктей келе, оның тек 10-ы таныстырылым кезеңіне өтті. Питчингте қатысушылар мемлекеттің қорғаныс және қауіпсіздік саласына қажетті жобаларын ұсынды. Оның ішінде тек 3-і үздік деп танылып, министрліктің атынан әрқайсысына 5 мың доллар көлемінде сыйақы табысталды.

Дархан Ахмедиев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:

Жеңімпаз болған стартаптар енді біздің «DefTech» орталығына келіп, қорғаныс саласындағы әріптестермен ақылдасып, өздерінің шешімдерін осы жылы пилоттық жобаға енгізеді. Біз оларға пилоттың соңында несі дұрыс, несі бұрыс, қалай оны күшейту керек екенін айтып, келесі жылдан бастап келісімшартқа шығуға дайынбыз.

Жоба жеңімпаздарының бірі Абылайхан Жақанов. Ол ұшатын дронды, тіпті, шетелден онлайн басқаруға болады деп отыр. Айтуынша, бұл идея оған 5G технологиясын зерттеп жүргенде келген. Себебі жобаның сәтті шығуы үшін алдымен интернет қолжетімді болу керек екен.

Абылайхан Жақанов, жоба жеңімпазы:

Осы жобаға 5 жыл кетті, 16 адам инженерлермен жиналып, разработканы жасадық. Біздің жұмысымыз арқылы қарапайым сарбаздар өздерінің бөлімдерінен телефон, компьютер арқылы қосылып, бір-бірімен жарыса алады. Дрондарды қалай атып, ұштырып, басқаруды үйрене алады.

Айта кетейік, конкурсқа қатысушылардың ішінде әкелі-балалы инженерлер де бар. Кішкентай бүлдіршіннің талабын ынталандыру мақсатында әділқазылар жас көмекшіге бағалы сыйлық табыстады.

Аида Ахметбек


Бөлісу