Қызылорда облысында 70-тен аса отбасы баспаналы болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында 70-тен аса отбасы баспаналы болды

29.08.2023

Қызылорда облысы, Шиелі ауданында Конституция мерекесі қарсаңында бірқатар жаңа нысандар ел игіліне берілді. Ауыл іргесінен заманауи спорт кешен ашылып, жастардың тұрақты спортпен айналысуына мүмкіндік туды. Сондай-ақ, үй кезегінде тұрған жандарға аудан орталығынан 72 пәтердің кілті табысталды.

70-тен аса отбасы баспаналы болды

Үш қабатты тұрғын үйлер «Көкшоқы» мөлтек ауданында бой көтерген. Бұл 70-тен аса отбасының көптен күткен қуанышы. Себебі жаңа қонысқа баспана тауқыметін көріп келген көпбалалы отбасылар, басқа да санаттағы тұрғындар ие болды.

Алтыншаш Айтжан, аудан тұрғыны:

Пәтерде тұрған ешқашан жеңіл емес екенін бәріңіз де түсінесіздер ғой. Дегенмен өзіңнің үйіңе жетпейді ғой. 12 жыл дегенде қолым жетіп жатыр ғой енді.

Бұл аудан орталығында салынған алғашқы көпқабатты тұрғын үйлер. Ауласы абаттандырылып, балаларға ойын алаңы жасалған. Алдағы уақытта халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартып, баспанамен қамту басым бағыт.

Нұрлыбек Нәлібаев, Облыс әкімі:

Облысымызда соңғы үш жылда жалпы ауданы 231 мың шаршы метрді құрайтын 2868 пәтерлік 148 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. «Сыр жастары» бағдарламасы аясында алғаш рет 100-ден астам жас отбасыға тұрғын үй беріледі.

Жаңа спорт кешені ашылды

Сондай-ақ, осы күні Шиелі кентінде заманауи үлгіде салынған денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Ауыл жастары былтыр аймақ басшысымен кездескенде жаңа спорт кешені қажет деген. Міне, араға жыл салып жас спортшылардың талап-тілегі орындалды.

Бекжан Төлеп, спортшы:

Өте керемет, талапқа сай. Көріп, қуанып жатырмыз. Осы спорт мектебінен мықты-мықты спортшылар және әлемді бағындырар, Олимпиадаға баратын спортшылар шығатынына уәде береміз.

Кешенде ауырателтика, волейбол, гандболға арналған ойын алаңы бар. Болашақта спорттың басқа түрлері бойынша жатығу залдары ашылмақ.


Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу