Жазушы-драматург Оралхан Бөкейдің өзі тұрған үйі жөнделіп мұражай ретінде ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жазушы-драматург Оралхан Бөкейдің өзі тұрған үйі жөнделіп мұражай ретінде ашылды

28.08.2023

Биыл белгілі жазушы-драматург Оралхан Бөкейдің туғанына 80 жыл. Қаламгердің мерейтойы Шығыс Қазақстан обылсы Қатонқарағай ауданынан бастау алды. Туған ауылы Шыңығыстайда талай жыл жабық тұрған үйі жөнделіп мұражай ретінде ашылды.

Алтайдың асқақ жазушысының мерейтойына орай Қатонқарағайда аудан орталығы абаттандырылып, Оралхан Бөкейдің ескерткіші жөнделіп қайта ашылды. Салтанатты шараға қаламгердің көзін көрген, ауылдастары мен зиялы қауым қатысты. Жазушы жайлы «Шолпандай таң алдында туып-батты» деген жаңа кітаптың таныстырылымы өтті.

Шыңғыстай. Бұл жазушының кіндік қаны тамған ауыл. Талай шоқтығы биік шығармаларды осы ауылда жазды. Қаламгер өмірден өткен соң, өзі тұрған үйі мұражайға айналды.

Ғалия Бөкей, жазушы О.Бөкейдің қарындасы:

Осы таудың бөктеріне келген кезде соңғы шығармаларын барлығын осы жерде отырып жазды. Әсіресе, Атаукерені Алматыдағы жазушылар үйінде бастаған екен. Осы жерде аяқталды.

Жөнделіп, өңделіп қайта ашылған мұражайға жазушының өзі қолданған заттары топтастырылды. Енді бұл ғимарат басы бүтін мемлекеттің қарамағына беріледі.

Ділдар Қалиқан, Қатонқарағай ауданының әкімі:

Бұл мұражай қазіргі күнге дайын тұр. Үй мұражай. Сол үй мұражай ретінде ар жағында Әбдікерім болыстың мектеп мұражайы бар. Облыстық мұражайға өткізіеміз деген жоспарымыз бар.

Жазушы шығармаларындағы кейіпкердің бәрі өз ауылдастары. Алтайдың табиғатын туындысына арқау етті. Сондықтан «Төр Алтай бояуы» атты көрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ әр өңірден келген атбегілер аламанға ат қосып, көптің делебесін қоздырды. Ал жігіттер аударыспақтан күш сынаса, өнерпаздар ән мен күйден шашу шашты.

Олжас Керейхан

Хабарламаларға жазылу