Басты Жаңалықтар Атырауда Мағжанның аманатын арқалаған ақсақал тұрады

Атырауда Мағжанның аманатын арқалаған ақсақал тұрады

Мағжанның аманатын арқалаған ғасыр куәгері. Атыраулық 103 жастағы Абдулла Әбдірахманов Алаш қайраткерімен қилы жылдардың қияметін бастан кешіріп, абақтыда бірге отырған. Көпті көрген ақсақал Сталиндік репрессия жылдарының азабын тартқан өңірдегі көзі тірі жалғыз адам.

Абдулла асқалдың өмірі 28 жасында күрт өзгереді. Оны 1948 жылғы маусымның 6-сы күні түнде НКВД жендеттері тұтқындап әкетіп, «Жапонияның агенті, Иранның десанты» деген жала жабады. Бір айдан соң Гурьев облыстық соты аса ауыр баппен бас бостандығынан айырып, Магадандағы түзеу-еңбек лагеріне 10 жылға айдауға жібереді.

Абдулла Әбдірахманов, қала тұрғыны:

Кеңес үкіметіне қарсы адамсың деді. Қарсы болып мен дымда жасаған жоқпын. Мен сауатым жоқ кісі. Сол жақсы адамдардың қасында жүрдім. Менің достарым бар еді. Олар атылып та кетті.

Ғасыр куәгерінен Ұлт мақтанышы Мағжан туралы сұрадық. Қалың ойға батып, терең күрсінді. Сусуманск дей берді. Кейін ұялы телефоннан жалынды ақынның суретін көрсетіп едік, қатты тебіреніп, жүрегі атша тулап қоя берді.

Абдулла Әбдірахмановтың айтуынша, Сусуманскдегі лагерьде 5 мыңдай адам жазасын өтеген. Осы жерде ол Мағжанмен жарты жыл бойы бірге болған. «Алаш қайраткерінің болмысы ерек, текті кісі еді», - дейді ақсақал. Жүрісі кербез, сөйлегенде адамға тіке қарамайтын, даусы жұмсақ болғанын айтады. Аз ғұмырында ақиқаттың ақ туын биік ұстап өткен, өр рухтың алдаспанына айналған адам деп еске алды.

Абдулла Әбдірахманов, қала тұрғыны:

Бухтаноғаева деген жерде кездестім. Бір жаз бірге болдық. Көп тұтқынның ішінен мені тауып, менен сөз сұрап, бірталай сөз айтты сонда. Сол қиындықта еңбектеп жүре алмай отырса да, сонда тек айтқаны шындық.

Ақсақал көрген-білгенін ұрпақтарының санасына сіңіріп отыр. Мағжан мұрасын шамасы жеткенше насихаттап келеді.

Әмина Мақсотқызы, немересі:

Мектепте Мағжан туралы сабақ өтіп жатқан кезде біз бәрін біліп отырамыз. Атамның айтқандары есімде қалып қойған.

Теңел Айдарбекұлы, Қосшағыл ауылының тұрғыны:

Мағжанмен бірге болған жерлерін нақтылап айтып береді. Кейінгі кезде ұмытыңқырап жүр. Сол кезде бір пакетті елге тапсыр деп беріп жіберген екен. Соны пойызда жоғалтып алғанын айтып, осы күнге дейін әттең-ай, көптеген мағлұматтар бар еді деп айтып жүруші еді.

Абдулла қарт Мағжанның жерленген жерін іздеп Магаданға бірнеше рет барған. Ақсақал ақынның атылмағанын айтады. «1951 жылы қаңтар айында лагерде ауыр дерттен көз жұмды», - дейді. Сондықтан ол Мағжан турасындағы деректерді әлі де терең зерттеу қажет деп есептейді.


Жандос Темірғали


Бөлісу