Басты Жаңалықтар Бельгияда жерленген қазақстандық сарбаздарға тағзым етілді

Бельгияда жерленген қазақстандық сарбаздарға тағзым етілді

Отан қорғаушы күніне, Жеңіс мерекесіне орай еліміздің Бельгиядағы елшілігінің қызметкерлері мен Әскери атташелер Отандастармен бірге Бельгияда жерленген қазақстандық сарбаздардың рухына тағзым етті. Генк қаласындағы екінші дүниежүзілік соғыс жауынгерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде немістер Бельгиядағы лагерьлерге 20 мыңнан астам кеңес тұтқынын әкеліп, қара жұмысқа жеккен. Тұтқында, Бельгияны азат ету кезінде ажал құшқан 300-ден астам сарбаз елдің бірнеше аймағындағы бауырластар зиратына жерленген. Еліміздің Бельгиядағы елшілігінің қызметкерлері, әскери атташелер мен Отандастар Генк қаласындағы жауынгерлердің құрметіне қойылған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Роман Василенко, ҚР Бельгиядағы елшісі, Қазақстанның Еуропалық Одақ жанындағы тұрақты өкілі:

Сұрапыл соғыста қаза тапқан барлық батырларға құрмет көрсету-біздің қасиетті міндетіміз. Қазақстаннан майданға 1,4 миллионнан астам адам шақырылып, олардың тең жартысы елге оралмады. Бельгияда, Батыс Еуропада ажал құшқан ата-бабаларымыздың ерлігін ұмытпау- тарихи жауапкершіліктің ажырамас бөлігі әрі келер ұрпақты тәрбиелеудің берік негізі деп санаймыз.

Генктегі қорымға кірген бетте Нұрадин деген қазақ есімі көзге түседі. Бессонов деп жазылған, дұрысы Бисенов. 1944 жылы Лимбург жерінде ажал құшқан сарбаздың қабіріне бірнеше жыл бұрын туыстары туған жердің бір уыс топырағын салған. Бельгиядағы қазақстандықтар да жылдағы дәстүр бойынша батырлардың рухына тағзым етті. 
Әмірлан Нұрбалин, Бельгиядағы студенттер қауымдастығының президенті:

Біз Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында ерлікпен шайқасқан ата бабаларымызды ешқашан ұмытпауымыз керек. Олар біз үшін бейбіт өмір сыйлау жолында жанын қиып, ауыр қиындықтарды бастан өткерді. 

Нұрадин атамыздың жанында тағы бір жерлесіміз жатыр. Улаев Тогай деп қате жазылған. Құжаттарда Уәлиев Тоғайбай Уәлиұлы, Семей өңірінің тумасы делінген. Бүгін барша жұрт бұл кісінің де әруағына құран бағыштады. Қайсар ердің ұрпақтары да атасын бір күні іздеп келер деген үміт мол. Еліміздің Бельгиядағы елшілігінің қызметкерлері осында жерленген қазақстандық оғландардың есімін анықтап, олардың ерлігін ұлықтау жұмыстарын әрі қарай да жалғастыра бермек.

Бөлісу