Басты Жаңалықтар Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің ерлігі мен еңбегі дәріптелді

Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің ерлігі мен еңбегі дәріптелді

Өскемен тұрғындары Отан қорғаушы күніне орай Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің ескерткішіне гүл шоғын қойды. Осылайша бүгінгі ұрпақ ел қорғаған алдыңғы буын өкілдерінің ерлігіне құрмет көрсетті. Сонымен қатар іс-шарада кейінгі толқынға үлгі-өнеге боларлық естеліктер мен өсиеттер айтылды.

Биыл Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 101 жыл. Кавказдан Берлинге дейін жүріп өткен соғыс ардагерінің қайсарлығы қазіргі ұрпаққа үлгі-өнеге. Отан қорғаушы күніне орай Өскеменде ұйымдастырылған тағылымы терең іс-шарада ел тыныштығын қорғап, тәуелсіздік тұғырының берік болуына қызмет еткен батырдың ерлігі ұлықталып, еңбегі дәріптелді.

Дәулетхан Кәсенов, ҚР Қарулы күштерінің ардагері:

Атамыздың ерлігі ұшан-теңіз. Бұл кісі Ұлы отан соғысына қатысып, 23 жасында Кеңес одағының батыры атағын алды. Қорғаныс саласында 57 жыл абыроймен қызмет атқарып, қорғаныс саласын нығайту жолында көп еңбек етті. Осы атамыздың бұйрығымен мен осы запастан шақырылып, 20 жыл абыроймен еңбек атқардым.

Есжан Сыбанбаев, Өскемен гарнизонының әскери прокуроры:

Тек қана 7 мамырда емес, Сағадат Нұрмағамбетовтың туған күнінде, барлық әскери іс-шараларды, патриотттық шараларды осы атамыздың ескерткішінің жанында өткіземіз. Өйткені атамыздың Қазақстан армиясына, еліне сіңірген еңбегі үлкен.

Салтанатты жиында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Халық қаһарманы  Сағадат Нұрмағамбетовтің тәуелсіз еліміздің қарулы күштерін қалыптастыруда сіңірген еңбегі ұшан-теңіз екенін тілге тиек етті.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Ол майдан даласында өшпес ерлік көрсетіп, ел басына күн туған шақта батырлықтың биік үлгісін танытты. Бейбіт кезеңде Тәуелсіз Қазақстанның қарулы күштерінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты. Бүгінгі сарбаздар мен офицерлер - осы даңқты жолдың лайықты жалғастырушылары.

Шара аясында бірқатар әскери қызметші облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Қала тұрғындары мен қонақтарына арнайы көрме ұйымдастырылып, концерттік бағдарлама ұсынылды.


Бөлісу