Басты Жаңалықтар «Әділет» саяси партиясының құрылтай съезі өтті

«Әділет» саяси партиясының құрылтай съезі өтті

Бүгін Астанада «Әділет» саяси партиясының құрылтай съезі өтіп, жұмысын ресми түрде бастады. Әрі партия төрағасы болып Айбек Дәдебай сайланды. Съезге еліміздің барлық өңірінен мыңға жуық делегат қатысты. Жиын барысында партияның ресми атауы бекітіліп, жарғысы мен бағдарламасы қабылданды.

«Әділет» сөзі -  партияның ресми атауы ғана емес, бұл ұғым саяси ұйымның негізгі ұстанымы мен басты құндылығына айналмақ. Съезге қатысқан 931 делегат «Әділет» партиясын құру туралы шешімді бірауыздан қолдады және жаңа партияның төрағасы ретінде Айбек Дәдебайды сайлады. Ол партияның негізі заң үстемдігі мен тәртіп қағидатына сүйенетінін мәлімдеді.

Айбек Дәдебай, «Әділет» партиясының төрағасы:

2026 жылғы 15 наурызда Президентіміздің бастамасымен бүкілхалықтық референдумда азаматтарымыз басым көпшілікпен жаңа Конституцияны қабылдады. Жаңа Конституция біздің тарихи мүмкіндігіміз, оның қағидалары болашағымыздың бағдары, сол бағдарды нақты әрі халқымызға пайдалы мазмұнмен толтыру сіз бен біздің міндетіміз.

Құрылтайда партияның саяси кеңесі де таныстырылды. Оның құрамына 30 адам еніп отыр. Ал 18 бөлімнен тұратын жарғы партияның негізгі жұмыс тәртібін айқындайтын құжат ретінде қабылданды. Партия бағдарламасы негізгі бес ұстанымнан тұрады, олар - әділеттілік, отансүйгіштік, еңбекқорлық, жауапкершілік және прогресс.

Ренат Бектұров, партияның саяси кеңес мүшесі:

Осы құндылықтар құндылық ретінде қалып қоймай, біздің қоғамымызда, өмірімізде, экономикада, барлық салаларда көрініс алу үшін әрине, біз ол қағидаттарды өзіміздің саясатқа енгізуіміз керек, өмірімізге енгізуіміз керек. Партияның құрылтай сьезіне біз өткізгеннен кейін партияны партия ретінде тіркеу үшін енді құжат тапсырамыз. Жаңа аз дегенде 5 мың адам жинау керек, қазір қолдаушылар саны он мыңға таяп қалды.

Айжан Иманғали, тілші:

Айта кетейік, партия бұған дейін цифрлық платформасын іске қосқан болатын. Платформа арқылы партияға мүшелікке өтінші беруге, бастамалар ұсынуға және қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылауға қатысуға болады. Еске сала кетсек, 15-сәуірде бастамашыл топ жаңа партия құру туралы ресми мәлімдеме жасаған болатын. Әділет министрлігі тиісті хабарламаның қабылданғанын растады, осылайша 7-мамырда, яғни бүгінгі құрылтай сьезі ұйымды құрудағы негізгі кезеңдердің бірі болып отыр.

Рауан Кенжеханұлы, бастамашыл топтың уәкілетті өкілі:

Партия құруға түрткі болған - қабылданып жатқан негізі заң. Бұл шын мәнінде ешқандай пафосы жоқ, еліміздің дамуындағы негізгі жаңа кезең. Сол әділдікті орнату үшін саяси күш керек. Өйткені ондай үлкен өзгерістер көп реформаларды жасауды талап етеді. Сананы өзгертуді талап етеді. Жаңа мәдениет талап етеді. Сондықтан осының бәрін іске асыратын саяси күш , осыған тірек болатын саяси партия керек.

Осылайша, жаңа ұйым өзінің ресми жұмысын бастады. Аз уақыт ішінде партияға 9 мыңнан астам адам тіркелді. Олардың басым бөлігі - жастар.


Бөлісу