Мауи аралында орман өртінен 93 адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мауи аралында орман өртінен 93 адам қаза тапты

14.08.2023

Гавай аралдарының үкіметі Мауи аралында орман өртінен 93 адамның қаза тапқанын растады. Дегенмен, құрбандар қатары әлі көбеюі мүмкін. Өйткені көне қала Лахайнаның үш пайызында ғана іздеу-құтқару операциялары аяқталыпты. Сонымен қатар, талай тұрғын хабарсыз кеткен.

Джош Грин, Гавай аралдарының губернаторы:

Басшылық мәлімет жинауды жалғастырып жатыр. Екі күн бұрын өлгендер саны аздау еді. Бірақ қазір мерт саны өсіп келеді. Тағы ескертетін жайт - әрдайым сақ жүруіміз керек. Ауыр металдар бар. Үйлер мен кәсіпорындар құлап жатыр. Улы түтін де тарады. Бұның бәрі тым көп өмірді қиды. Пропан цистерналары тұр. Олар да үлкен қауіп.

Бұл – Гавай аралдары тарихындағы кейінгі 100 жылдағы ең алапат орман өрті. Мауиде жасыл желектер өткен аптаның ортасында жана бастады. Соңғы мәліметке қарағанда, жылына 2 миллион турист баратын Лахайна түгелге жуық өртеніп кеткен.

Аканеси Ваа, Лахайна тұрғыны:

Лахайнаны көкте де, жерде де жүрсек те сағынатын болдық. Бұл қала әрдайым менің жүрегімде сақталады. Оны отаным деймін. Өрттен бас сауғалап барғанымда, інім мен келінім есіктерін ашып үйлеріне паналатты. Оларға алғысым шексіз.

Лджи Ваа, Лахайна тұрғыны:

Үміттенемін. Лахайна қайта салынғанда, баяғы келбетін сақтаса екен. Ол корпоративтік курортқа айналып, қонақ үйлер бой көтеріп, үлкен даму жолына түсуі мүмкін. Қаламыздың баяғы тарихи ескерткіштерін қайта алмайтын шығармыз. Бірақ, онда өткен күндерді еске салатын дүниелер қалса екен деп тілеймін.

Гавай ормандарын от шарпуына аптап ыстық пен қуаңшылық себепші. Және де оны жүздеген шақырым қашықтықта, яғни, Тынық мұхитта алай-дүлей соғып тұрған «Дора» дауылының ұйытқыған желі де өршітіп жатыр.


Хабарламаларға жазылу