Ресейде қазақ ғалымдары жетістікке жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде қазақ ғалымдары жетістікке жетті

24.07.2023

Ресейде орналасқан Біріккен ядролық зерттеулер институты ауадағы ауыр металдарды анықтау үшін фикус пен эвкалипт дәрілерін жасап шығарды. Жалпы аталған институтта 18 елдің ғалымдары еңбек етеді. Оның ішінде қазақстандық жас ғалымдар да бар.

Соңғы 20-30 жылда біріккен ядролық зерттеулер институтында ірі, ілкімді жобалар қолға алынды. Бес жаңа элемент синтезделді. Мұнда 100-ге жуық қазақстандық ғалым еңбек етіп жүр. Жас мамандар болашақта еліміздің ғылымына елеулі үлес қосуды мақсат еткен.

Сергей Сидорчук, Ядролық реакциялар зертханасының директоры:

Қазақстаннан келген ғалымдардың басым бөлігі ядролық реакциялар зертханасында жұмыс істейді. Олардың көмегімен ірі зерттеулер жасалды. Ендігі жаңа аса ауыр элементтердің жаңа химиялық қасиеттерін зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

Зертхана қолданбалы сипаттағы іргелі зерттеулер жүргізеді. Сонымен қатар, ауыр иондардың әртүрлі материалдармен әрекеттесуін зерттеу жұмысы да жоғары деңгейде жүргізілуде.

Данияр Беріков, ғылыми қызметкер:

Осы лабораторияда Қазақстаннан 21 адам еңбек етеді. Оның алтауы PhD дәрежесіне ие. Барлық қызметкерлер әртүрлі салада қызмет атқарады. Олар фундаментальді физика, соның ішінде атап айтатын болсақ, ауыр ядролардың бөліну кезіндегі болатын процесстерді зерттейді. Осы қызметкерлердің барлығы дерлік Қазақстандағы ғылыми институттармен тығыз байланыста.

Зертхана қызметкерлері Қазақстандағы түрлі ғылыми байқауларға қатысып, жеңімпаздар қатарынан көрінуде. Сонымен қатар 2019 жылы Алматыдағы ядролық физика институтымен бірігіп, нейтронды радиография томография құрылғысын құрды. Бұл Қазақстандағы аналогы жоқ жалғыз құрылғы.


Индира Бегайдар 

Хабарламаларға жазылу