Басты Жаңалықтар ЮНЕСКО тізіміне 2 құжат қосылуы мүмкін

ЮНЕСКО тізіміне 2 құжат қосылуы мүмкін

Ел архивтеріндегі екі маңызды құжат ЮНЕСКО тізіміне қосылуы мүмкін. Дәлірек айтсақ, біздің тарап Абай Құнанбайұлының шығармаларына қатысты жазбалар мен Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсына жазған партиратурасын құнды мұра ретінде ұсынып отыр. Екі жыл бұрын арнайы жұмыс тобы құрылған еді. Олар 6 мыңға жуық құнды құжат тапқан. ЮНЕСКО-ға жолданған жазбалар соның арасынан іріктелді. Халықаралық ұйым құжаттарды өз тізіміне алды ма, жоқ па - жыл соңына дейін жарияланады. Белгілісі – «Әлем жады» бағдарламасы басталған 29 жылда Қазақстаннан төрт номинация қабылданған. Оның ішінде Арал теңізіне қатысты архивтік қорлар бар.

Күміс Сейітова, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры:

Ең сирек кездесетін мұралар ғой. Біріншіден, өзімізге түгендеп алу үшін, екіншіден, халықаралық деңгейде болғасын бұл мұрамызды әлем деңгейінде паш ету. ЮНЕСКО-ның тізіміне енген құжаттар міндетті түрде қорғауда болады.

Рустам Музафаров, ҚР материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Ұлттық комитет төрағасының орынбасары:
Кешенді жоспар бар. Ол – мәдени мұраларды қорғауға маман даярлау мәселесі. Қазір бізге ЮНЕСКО жақсы көмектесіп отыр. Мысалы, былтырдан бастап біз өз мамандарымызды дайындап жатырмыз. Алдымен облыс пен аудан деңгейіндегі мамандарды даярлаймыз, өйткені мәдени мұра тек астанада «өмір сүрмейді». Мұра шын мәнінде адамдар соны сезіп, түсінетін жерлерде сақталады.


Бөлісу