ҚМДБ өкілі: Мәдениетіміз мерекелерде көрінуі тиіс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҚМДБ өкілі: Мәдениетіміз мерекелерде көрінуі тиіс

02.07.2023

Жыл сайын бюджеттен әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы сомасы артып келеді. Биылғы республикалық бюджет 17,5 трлн теңге болса, оның 4,7 триллионы әлеуметтік салаға жұмсалады. Яғни, қазынаның төрттен бөлігі деген сөз. Халықтың әлеуметтік жағдайы түзелуі, тұрмыс сапасының артуы, әлбетте, бірінші кезекте болуы шарт. Дағдарыс, қымбатшылық қысып жатқаны жасырын емес. Инфляцияның өскені туралы «Апта»-да талай материал берілді. Бірақ таразының екінші басында тағы бір маңызды мәселе тұр. Қоғамның бір бөлігі «масылдықты өршітіп жібермейміз бе?!» - дейді. Өйткені әлеуметтік төлемдерді алу үшін түрлі заңсыз әрекет ететіндер бар екен. Әлеуметтанушылар мұның бастауы Кеңестік кезеңнен алатынын айтады. Қолдау артқан сайын қоғамның есейіп, жауапкершілікті сезінуі төмендей түседі, - деген пікір бар.

Осы аптада Атырауда Құрбан айт кезінде сыйлық таратылған кездегі көрініс, дәлірек айтсақ, талас талқыланды. Блогер Сәбит Рысбаев фейсбукте былай жазыпты: «Түркияда жер сілкінісі кезінде қаншама мың адам аш жалаңаш, үйсіз қалды. Соларға сырттан жәрдем келді. Кезегімен алып жатты. Мұндай айқай жоқ. Африкада аш адамдарға БҰҰ-ы тарапынан көмек көрсетіледі. Жейтін тамақ лақтырады. Олардың өзінде мұндай қысым жоқ. Атырау еліміздегі ең айлығы жоғары өлке, әйтпесе. Құдай сақтасын, аш деп айта алмаймын. Астанада да сол. Тегін десең, мың адам келіп бірін бірі басып жаншиды. Оңтүстікте тегін палауға таласқан адамдар анау. Неге осылай болып кеттік екен? Тегін десе болды, үймелеп қаламыз? Неге тегінге сонша мұқтажбыз?» Бұл сауалды халыққа да қойып көрдік.

Бұл тақырып Ұлттық арнаның «1001 түн» бағдарламасында да қозғалды. Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының өкілі Батыржан Берденұлы «Мәдениетіміз мерекелерде көрінуі тиіс» деген пікір айтты. 

 Батыржан Берденұлы, ҚМДБ өкілі:

Былай алып қарасаңыз, қасиетті Құрбан айтты мемлекет әдемі демалыс қып беріп отыр. Халықтың тойлауына мүмкіндік жасап отыр. Бұл жерде Құрбан айтта мұқтаж жандардың тізімін жасақтап жатқан жоқ. Бұл алаңда мерекелік көңіл-күй сыйлайық деп, концерттік бағдарлама құрып жатыр ғой бұл жерде. Бірінші сол жерге келген халықта бүгін мереке деген сезіммен шығу керек. Әрбір алаңға келген адам бұл мереке, мен балаларыма қуаныш сыйлайын деген мақсатта барды. Ана жерде қарасаңыз, барлығына жетеді, негізі, сыйлық. Тіпті, артылғанын 6 мың сыйлықты ары қарай таратып шыққан. Сондықтан мен ойлаймын біз мәдениетімізді, этикамызды, байсалдылығымызды, сабырлығымызды мерекелік қуаныштан бастауымыз керек.

 

Хабарламаларға жазылу