Түркістан облысының Бәйдібек ауданында ауыз су үшін бөлінген мемлекет қаржысы құмға сіңді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысының Бәйдібек ауданында ауыз су үшін бөлінген мемлекет қаржысы құмға сіңді

27.06.2023

Түркістан облысының Бәйдібек ауданында ауыз су үшін бөлінген мемлекет қаржысы құмға сіңді. Он бес жылдың ішінде үш рет ұңғыма қазылып, жаңа құбыр тартылғанымен Шақпақ ауылы тұрғындарының әлі күнге кенезесі кеуіп отыр. Жер астынан су шығарса, құбыры жарылады, ал желіні жаңартса ұңғымасы құмға толып қалады.

Ауылдағы әрбір үйге бір жұтым судың өзі ауыр бейнетпен келеді. Есік алдындағы құдықтың тартылып қалғанына 4-5 жыл болды. Амал жоқ ішетін суды көлігі барларға жалынып жүріп, аудан орталығынан тасиды.

Еркінбай Жорабеков, ауыл тұрғыны:

20 жыл бұрын басталған су қазу осы жерде. Одан бір татым су іше алмадық. Күнделікті 30-35 литр су керек. Шаяннан, сонан соң ауылда бір құдық бар. Сол жерден тасимыз.

Ауылға ауыз су жүйесін тарту ісі 2008 жылы басталған болатын. Содан бері 3 рет ұңғыма қазылды. Олардың қағазда көрсетілген тереңдігі бір бөлек, ал қазылғаны оған жетпейді. Салдарынан судың қоры жеткіліксіз, сапасы нашар болып шықты. Оның үстіне құрылыс жұмыстары сапасыз істелінгендіктен құбырлар бірер күнде шетінен жарылып кетті.

Бауыржан Төлебаев, ауыл тұрғыны:

Құм толып қалған, тоқтап тұрғанына 6 жыл болды арғысына. Бергісіне 2-3 жыл. Сонда не үшін қазылды. Не қызмет істеп жатыр. Халықтың ақшасы қайда кетіп жатыр? Былайша айтқанда далаға шашылып жатқан дүние.

Кезінде орнатылған есептегіш құралдар мен құбырлар қаңсыған күйі тұр. Темірлері таттанып, шіри бастаған.

Ғани Қалмаханов, тілші:

Мынау осыдан 15 жыл бұрын «Таза ауыз су» бағдарлмасымен ауылға тартылған су жүйесінің құбырлары. Бірақ мұнымен ешқашан су жүрген емес. Оны тартуға сол кезде қазынаның 250 миллион теңгесі жұмсалды. Сол күйі кәдеге жарамаған құбырларды қайта қазып алып, енді орнына жаңасын салып жатыр.

Шақпаққа биыл тағы да 506 миллион теңге бөлініп, екінші рет құбыр жаңартылуда. Бірақ ұңғымадан шығатын судың мөлшері тұтас ауылға жетпейді. Сағатына небәрі 10 текше метр су шығады. Бұл 3 мыңға тарта халқы бар елді мекеннің қажеттілігінен үш есе аз.

Бағдат Жанғазиев, Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары:

Жетпей жатқан жағдайда үшінші скважинаны аудан есебінен қазып беруге келіскен болатынбыз. Осы 2-3 скважинамен келесі жылы қайта құрылымдау жұмыстары толық біткеннен кейін Шақпақ елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз етеміз.

Кестеге сай құрылыс жұмысы биылғы жылдың желтоқсанында аяқталуы тиіс. Алайда жергілікті билік қазірдің өзінде оның бұл жылы бітпейтінін мойындап отыр.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу