Басты Жаңалықтар Әскери сарапшы: Президент БҰҰ жарғылары негізінде Қазақстанды қақтығыстарға араласудан аман алып қалды

Әскери сарапшы: Президент БҰҰ жарғылары негізінде Қазақстанды қақтығыстарға араласудан аман алып қалды

Иә, «Әділдік шеруі» ұзаққа бармады. «Вагнер» жетекшісі Евгений Пригожин осылай атаған операциясын 1 тәулікке жеткізбей өзі тоқтатты. Дегенмен, халықаралық сарапшылар да, БАҚ та күні бойы оқиғаның қалай өрбіп жатқанын мұқият бақылап отырды. Ресей үшін «салқын жаз» басталды ма деген болжамдар да болып еді. Ақорда бірден Қазақстан позициясын білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Президент қазір болып жатқан оқиға Ресейдің ішкі мәселесі екенін анықтай атап өтіпті. «Конституциялық тәртіп пен заң үстемдігі – елдегі құқықтық тәртіпті сақтаудың басты шарты. Бұл – қоғамның қауіпсіздігі мен оның табысты дамуының негізі»,-дейді Қазақстан Президенті. Ал Владимир Путин Ресейде қалыптасқан жағдайға Қазақстанның түсіністік танытқаны үшін алғыс айтқан. Ал «Апта»-ға сұхбат берген сарапшылар ресми Астананың позициясын былай талдады:

Құрманғали Дәркенов, аймақтанушы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры

Қазақстан бұны Ресейдің өз ішіндегі шаруасы деді. Мұны біздің президент сондай жауап берді. Бірақ Қазақстан бұған ешбір жағдайда қатыспауы керек. Ең бастысы біз, Ресейден шығатын мигранттық толқындар болуы мүмкін, сондықтан біз шекараны берік ұстауымыз керек.

Амангелді Құрметұлы, әскери сарапшы:

Біз ҰҚШҰ байланысты көп жағдайда бірден көмекке бара ма деген көзқараспен қараймыз. Шын мәнінде, ҰҚШҰ-ға қарасты әскери күштердің мөлшері тым көп емес. Әрі кетсе 15-20 мың ғана әскер шығарады бұл ұйымның негізгі күштері. Сондықтан қандай да бір шешуші рөл атқармауға тиіс. Қазақстан Президенті әдеттегідей, БҰҰ жарғылары негізінде, БҰҰ-да қабылданған түрлі қарарлар негізінде Қазақстанды бұндай бір қақтығыстарға араласудан аман алып қалды. Тіпті кім бұл жерде қандай саясат айтса да, қалай сан-саққа жүгіртсе де Қазақстан өзінің бейтараптығын, дипломатиялық тәсілдермен түрлі қақтығыстардан бойын аулақ салуын жақтап отыр. Сол себепті сөз жоқ біз ҰҚШҰ-ның көптеген ережесін айналып өтетін мүмкіндіктерді қарастырамыз деп ойлаймын.

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің кезектен тыс отырысы өтті. Мемлекет басшысы «Бұл оқиға Ресейдің ішкі мәселесі екеніне қарамастан, аталған жағдайға еліміздің азаматтары алаңдаушылық танытты. Қазақстан мен Ресей арасын әлемдегі ең ұзын шекара бөліп жатыр», - деді. Тоқаев Путинмен сөйлесіп, әскери іс-қимылдарды тоқтату жөніндегі келісімді құптайтынын жеткізген екен. Ал Үкіметке Президент Қазақстанның қаржы-экономикалық тұрақтылығын және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ықтимал қатерлерге қарсы әрекет етуге дайын болуды тапсырды.

«Вагнер» деп аталып кеткен жеке әскери компанияның «Мәскеуге маршы» қалай басталып, қалай аяқталғанына қысқаша тоқталайық. Маусымның 23-нен 24-не қараған түні Евгений Пригожин Ресей армиясының вагнерліктерге соққысына жауап ретінде әскери колоннаны Мәскеуге бағыттағанын жариялайды. Бұл қадамына негізгі кінәлі тұлғалар ретінде Қорғаныс министрі Сергей Шойгу мен Бас штабтың бастығы Валерий Герасимовты атайды.

Маусымның 24-і күннің алғашқы жартысында Пригожин вагнерліктер Ростов-на-Донуды басып алғанын, ары қарай Мәскеуге баратынын жариялайды.

Бұл мәлімдемеден кейін Мәскеу мен Воронеж облыстарында контртеррористік операция режимі жарияланады. Ал Ростовтан Мәскеуге апаратын М-4 «Дон» трассасында қозғалысқа шектеу енгізіледі. Кей жерлерде жалпыхалықтық шаралар тоқтатылады.

Күннің екінші жартысында Липецк облысының басшысы Игорь Артамонов «Вагнер» техникасы өңірде жүргенін мәлімдейді. Бұл уақытта Кремльде «соғыс жағдайында тәртіпті бұзғандарға» қатысты әкімшілік шара қолдану жөнінде заңға қол қойылып жатады.

Владимир Путин мәлімдеме жасап, жалдамалы әскерилердің ісін «сатқындық» деп бағалап, Федералдық Қауіпсіздік қызметі әскери бүлік фактісі бойынша қылмыстық іс қозғайды. Сарапшылар түрлі сценарийді қарастырып, болжамдарын талдап жатты. Ал түн ортасы таяғанда Пригожин «Вагнер» әскерилері Мәскеуге 200 шақырым қалғанда кері қайтқанын мәлімдейді. «Қан төгілетін сәт жеткенін» түсіндіріп...Көп ұзамай Кремль позициясы да жарияланады. Пригожин үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылып, ол Беларуське кетуі тиіс. Иә, бұл сәтті Александр Лукашенко өзі үшін ұтымды пайдаланғандай. Беларусь басылымдары «Вагнер» жетекшісімен күні бойы келіссөз жүргізгенін жазған еді.

Ал бүлікке қатысы бар вагнерліктерге не болады? Кремль оларға да қудаламау туралы уәде берген көрінеді. Қатыспағандары қаласа, Қорғаныс министрлігімен контракт жасай алады. Сөйтіп, Мәскеу тынышталды. БТР-лер мен Росгвардия техникасы бекеттерден кетті.

Амангелді Құрметұлы, әскери сарапшы:

Е. Пригожиннің Мәскеуге тырнақша ішіндегі жорығы кезінде біз өзіміздің арналарымызда оның ешқандай мүмкіндігі, шансы жоқ екенін айтқанбыз. Өйткені, 25 мың адаммен Ресей сияқты ірі мемлекетте төңкеріс жасау мүмкін емес. Әлбетте Пригожин өз мүддесі үшін әрекет етті дейтін болсақ, шамасы Бахмуттағы шайқата Пригожин біраз қиындық көргені рас. Бұны Ресейдегі азамат соғысының алғышарттары немесе қандай да бір үлкен бүлік деп бағалауға болмайды. Кәдімгі, Ресей президентінің назарын аудартуға бағытталған жорық деуге болады.


Бөлісу