Астанада «Жошы хан» спектаклінің премьерасы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «Жошы хан» спектаклінің премьерасы өтті

23.06.2023

Астанада «Жошы хан» спектаклінің премьерасы өтті. Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрында сахналанған қойылымды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көрермендермен бірге тамашалады. «Шыңғыс ордасы» мен «Қазақ ордасы» атты екі бөлімнен тұратын спектакльде Шыңғыс хан мен ұлы Жошы арасындағы қарым-қатынас, ел басқару ісіндегі қабылдаған шешімдері суреттеледі. Ұлы даладағы түркі тайпаларын бір ұлысқа біріктіріп, Ұлытауда ордасын тіккен Жошы оғлан бейнесі Қазақ мемлекеттігінің негізін қалаушы – Жошы хан дәрежесіне дейін көтеріледі. Президент театр ұжымына шығармашылық табыс тілеп, өнер ордасына ұлттық мәртебе беру жөнінде шешім қабылдағанын айтты. Тиісті Жарлық қазан айында Республика күні қарсаңында жарияланады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Осындай туындылар халқымызға керек. Біздің тарихымызды тарихи құндылықтарымызды, халық арасында кеңінен дәріптесуіміз керек. «Қазақтарда өз тарихы болған жоқ. Мемлекеттілік болған жоқ. Ел болған жоқ» деген сөздер айтады. Ол біздің тарихымызды бұрмалау деген сөз. Сондықтан осындай қойылым маңызды. Өнерлеріңіз әрқашан табысты болсын. Баршаңызға аманшылық тілеймін.


Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу