БҚО-да «Алтын қырықтық» қой қырқудан жастар біріншілігі өтті
Қой қырқу — өнер. Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданында «Алтын қырықтық» деген атаумен қой қырқудан жастар біріншілігі өтті. Епті әрі білекті жігіттер өнерімен көзге түсті.
Ардақ Мұратқызы, тілші:
Бала кезде қой қырқушы едік. Бұл да оңай өнер емес. Қазір көрейік ептеп.
Ал сайысқа қатысушылрдың қолы-қолына жұқпайды. Сартылдаған қырықтық даусы олардың ширақтығын, жеңімпаз болуға аңсарын аңғартқандай. Үлкендерден қалыспай бір өзі қойды сүйреп әкеп, қырқып жатқан жас қатысушы да табылды.
Саян Сырым, оқушы:
Мен қойды 10 жасымнан бастап қырқып үйрендім. Мамалар «калымға» шығып жүргенде көрші ақа бар, солармен бірге жүрем қастарында. Содан арқасына келгенде маған береді қырықтықты. Содан кейін қой қырқуды үйреніп кеттім.
Сайысқа бірнеше ауылдан 8 топ қатысты. Әрқайсында екі адамнан. Он алты жігіт 10 қойдан қырқып, жылдамдығы мен ептілігі жағынан сынға түсті.
Алмас Құспанов, сайысқа қатысушы:
Бұл да - өнер. Бұрын ата-әжелеріміз қой қырқу үшін шетелдерге де барып, қатысып, орын алып келіп жүрді. Біз солардың артынан ерген ұрпағымыз. Қолдың жылдамдығы, сосын қойды ыңғайымен қою керек. Әр адамның өз ыңғайы болады.
Амангелді ауылында атақты қойшылар ұрпағы тұрады. Бұрын осы округте қой кеңшары болған. Қазір де ауыл азаматтары ата кәсіпті ұстап, кейінгілерді еңбекке баулып жүр.
Жасұлан Дүйсенғалиев, шаруа:
Мынадай сайысты осымен төртінші жыл өткізіп жатырмыз. Өзіме де жақсы, қойым қырқылып қалады. Мына ауылдың жастары қазақтың бұрынғы салтын ұмытпасын, әрі қарай жалғастыра берсін! Артынан өсіп келе жатқан басқа да жастарға да үлгі болсын!
Сайыс соңында 32 минутта 10 қойды қырқып үлгерген Атамекен ауылының командасы осымен үшінші рет 1-ші орынды жеңіп алды. Амангелді, Мерей қырықшыларының да мерейі үстем болды. Бір өзі 7 қойды қырыққан ең жас қастысушы да жүлдесіз қалмады.
Ардақ Мұратқызы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы