АҚШ-та қолайсыз ауа райы 50 млн адамға қатер төндіріп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-та қолайсыз ауа райы 50 млн адамға қатер төндіріп тұр

20.06.2023

АҚШ-та 50 млн-нан астам адамға қолайсыз ауа райы қатер төндіріп тұр. Бір штаттарда дауыл соғып, тасбұршақ жауып жатса, енді бірінде аптап ыстық жергілікті тұрғындарды әуреге салды. Ал кеше Техаста тұрған құйыннан бірнеше адам қаза тақан. 

АҚШ-тың оңтүстік орталығында орналасқан Техаста бір уақытта бірнеше торнадо тұрған еді. Салдарынан  Перритон қаласы қатты зардап шекті. Үш адам қаза тапқан, оның ішінде 11 жасар бала да бар. Түрлі дене жарақаттарын алған 100-ден аса адам ауруханада жатыр. 30-дан аса үй жермен жексен болған. Қазір құтқарушылар қирандыларды аршып, тірі қалған адамдарды іздеп жатыр. Құйынның қатты болған соншалық, ауыр жүк көліктерін те төңкеріп тастаған. Құйынның кесірінен шаһардағы сегіз мың тұрғынның үйі мен бизнесіне зақым келді. Электр және телефон желілері де үзіліп, кейбір аудандарда қозғалыс тоқтаған. Штат губернаторы табиғи апатқа байланысты төтенше жағдай жариялады.

Ұлттық ауа райы қызметінің хабарлауынша, Техастан бөлек, Оклахома және Мичиган секілді бірнеше штатта дүлей дауыл тұрды. Ал Миссисипи мен Флоридада қаза тапқандар бар. Құйынның кесірінен елдің оңтүстік бөлігіндегі штаттарда жүз мыңдаған тұрғын үй мен бизнес нысандар жарықсыз қалды. Халық тек құйыннан ғана емес, тас бұршақтан да зардап шегіп жатыр. Арканзастың ондаған қаласында кенет түскен тас бұршақтан көптеген тұрғын үйлер мен көліктер бүлінген.

Синоптиктер мәлімдеуінше, елдің оңтүстігі мен Атлант жағалауларында құйын соғуы мүмкін. Оның ішінде Алабама, Арканзас штаттарында торнадо қайта тұруы мүмкін. Ел астанасы Вашингтонда да дауыл көтеріліп, тас бұршақ жауу ықтималдығы да басым.



Жалғас Сәдібек

Хабарламаларға жазылу