Абай облысындағы орман өрті сөндірілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысындағы орман өрті сөндірілді

18.06.2023

Өткен аптада Қазақстан аза тұтты. Ал бұл жетіде қауіп сейілгеніне халық қуанып жатыр. Абай облысындағы өрт оқшауланды. «Семей орманы» табиғи резерватының аумағында 8 маусымда басталған өрт 14 орманшының өліміне себеп болды. Ал жақындарына көңіл айтып барған президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай үшін жауапты тұлғалардың барлығы жазаланатынын мәлімдеп, бақылауына алды. Осы аптада полицейлер жоғалып кеткен Бесқарағай ауданы Долон ауылының тұрғыны Сергей Николаевич Архиповтың мәйітін тапты. Сот-медициналық сараптамасының қорытындысына сәйкес, оның өліміне жүрек ауруы себеп болған.

60 мың гектар жерді шарпыған өртті сөндіруге Қазақстанның бірнеше аймағынан мамандар келді. 60 мың гектар дегеніміз - шамамен Алматы территориясы. Астанадан сәл кішірек.

Алапат өртпен күресу оңай болмағанын осыдан-ақ түсінуге болады. Төтенше жағдайлар министрлігінің жаңа басшысы Сырым Шәріпханов жұма күні Алматы және Қарағанды облыстары департаменттерінің мамандары мен техникасы тұрғылықты жеріне қайтқанын мәлімдеді.Халық та, министр де өрт сөндірушілерге кәсібилігі мен жанқиярлығы үшін алғыс айтып жатыр.

Өртпен күреске 1 мыңнан астам адам, 240-қа жуық техника мен 11 тікұшақ жұмылдырылған еді. Абай облысындағы алапат өрттің өшуіне волонтерлердің де еңбегі өлшеусіз. Тілсіз жау тұтанған күннен бастап Семей өңіріндегі еріктілер өрт сөндірушілерге жан-жақты көмек көрсетті. Бірнеше жерден тамақтану пункттерін құрып, азық-түлік тіпті киім-кешекпен үздіксіз қамтыды. Жалпы Семей мен өзге өңірлерден табиғи апат кезінде 1800 адам ерікті түрде жұмыс істеген. Шолпан Молдағалиева әлеуметтік кәсіпкер. Бұл жолы да еріктілерді үйлестіріп үлкен іс атқарды.

Шолпан Молдағалиева, әлеуметтік кәсіпкер:

Енді біздің халқымызға ризамын. Халқымызға үлкен рахмет! Бәрі бірігіп, бірдей, ешкімді бөлмей әкімдер істесін, мыналар істесін дегендей, ондай болған жоқ. Бәріміз бірігіп келіп. Енді келмеген адамдар болмаған. Бәрі бірдеңесін әкеліп жатты. Су болсын, ұн болсы, қант болсын. Қандай көмек керек. Қыздар, ұлдар келіп жатты. Түнімен-күнімен.

Өрт кезінде еліміздің өзге өңірлерінен де гуманитарлық көмек келді. Астана, Түркістан, Павлодар, Қарағанды. Шет қалған ешкім қалмады. Жалпы, халық болып 2 мың тоннадан астам ет, 44 мың тонадан астам азық-түлік, 30 мың литрден астам су өзге өңірлерден жеткізген. «Ақ Ертіс» қайырымдылық қоры құрылып қазақстандықтар қаржылай көмек те көрсетті. Қорға 3-4 күннің ішінде 500 миллион қаражат жиналған. Тілсіз жаудан қауіп төнген ауылдардан 180 тұрғын көшірілді. Олар Семейдегі эвакуациялық пункттерге орналастырылған еді. Өрт оқшауланған соң, Талица, Каштак, Полвинки мен Бұлақ ауылының халқы аман-есен үйлеріне оралды. Осы аптада Мемлекет Басшысының тапсырмасы бойынша Абай облысында орман өрті салдарынан қаза тапқандардың отбасыларына пәтер кілттері табысталды. Әр отбасыға 7 млн теңге, сондай-ақ, қосымша әр балаға 2 млн теңге төленеді. Асыраушысынан айрылу бойынша жәрдемақы, біржолғы әлеуметтік төлем беріледі.

Роман Нұржігітов, Саят Нұржігітовтың ағасы:

Енді біз қаншалықты бауырымызды жоғалтқанмен, бұл үй бізге бауырымыздай болмайды. Өзінің жерін, елін, отбасын қорғаймын деп, осы отқа өзінің кеудесін төсегеннен кейін бұл құрметке біз енді ризамыз. Өйткені артында қалған бала-шағасына жақсы өмір, жақсы заман жақсылық болсын деп тілеймін!


Хабарламаларға жазылу