Басты Жаңалықтар Шекара маңындағы Қатон-Қарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандары қайта құрылады

Шекара маңындағы Қатон-Қарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандары қайта құрылады

Мемлекет басшысы Түркістандағы Құрылтайда шекара маңындағы Қатон-Қарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандары қайта құрылатынын мәлімдеді. Алайда ол үшін алдымен есеп-қисабын шығарып, бюджет мүмкіндігін сараптау керек. Дайындық жұмысы осы жылдың соңына дейін аяқталса, алдағы екі жыл ішінде Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарына қарасты аталған аудандар қалпына келтірілмек. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі, деді Президент. Аудан орталығы мәртебесінен 25 жыл бұрын айырылған Марқакөл ауылында қазір 4 мыңға жуық тұрғын қалыпты. Маңайындағы 14 елдімекен біріктірілген. Енді осы ауылдар қайта еңсе көтеруі мүмкін.

Әлібек Қаңтарбаев, Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы:

Аудан орталығы болғанан кейін ондағы ішкі миграция қалай дегенмен тоқтайды. Неге десең халыққа жағдай туғызылады ғой. Экономикалық мүмкіндіктерді қарастырамыз деп жатыр Президент.

Ал мемлекет қайраткері Жақсыбек Құлекеев Ұлттық Құрылтай отырысында сөз алып, 15 жыл бұрын қабылданған Ұлттық бірлік доктринасын жаңартуды ұсынды. Себебі Доктринаның қазіргі редакциясындағы қағидаттарды сақтауға әлемдегі геосаяси ахуал мен кейбір ішкі қайшылықтар кедергі, деді. Әрі саяси трансформация кезеңінде ұлттық бірлікті одан әрі нығайтудың маңыздылығына тоқталды.

Жақсыбек Құлекеев, Қолданбалы экономика зерттеулері орталығының ғылыми жетекшісі:

Аймақтық сепаратизмнің кейбір көріністері байқалып қалып жатыр. Біз неге орталыққа қаражатты бере береміз, біз неге ана өңірге көмектесуіміз керек, біз ананы асырап жатырмыз деген сияқты біздің өз қазақ ұлтының арасында бір-біріне қарсы шығып жатқан тұстары бар. Осы жағдайдың бәрі ескеріліп, жаңа доктрина қабылданса дұрыс болар еді деген ұсыныс менікі.


Бөлісу