«Алтын орда» базарынан кәсіпкерлерге берілген 100 тегін орынға неге ешкім келген жоқ? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Алтын орда» базарынан кәсіпкерлерге берілген 100 тегін орынға неге ешкім келген жоқ?

13.06.2023

Былтырдан бері: «қайтсек те азық-түлік бағасын түсіреміз»,- деген Алматы облысы әкімдігі мен әйгілі «Алтын орда» базары басшысының жоспары орындалмай қалды. Олар ортақ меморандумға отырып, базардан кәсіпкерлер үшін 100 орынды тегін бермек болған. Бірақ шарттары шаруа қожалықтарына тиімсіз екенін өздері де мойындап отыр. 

Алматы облысындағы шаруа қожалықтары делдалсыз өнімді өздері тікелей «Алтын Орда» базарына әкеліп сатса, баға біршама түседі деп алдын-ала топшылаған әкімдік пен базар басшылығы бұл ойымыздан түк шықпады деп отыр. Былтырдан бері тегін беріледі деген 100 орын әлі күнге дейін бос тұр.

Жандос Базарбаев, Қарасай аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

Ауыл шаруашылық өнім өндірушілер келіп тұрып сату тиімсіз болғандықтан, олар келіп оптом өткізіп кетеді. Тұрып сатуға уақыттары болмағандықтан. Өздеріңізге белгілі егістіктің басында қыруар жұмыстары бар ғой.

Яғни, шаруасы шаш етектен шаруа қожалықтары тауарды келілеп сату тиімсіз деп келмей қойған. Ал тегін орынға тұрған кәсіпкерлерге қойылатын жалғыз талап - өнімді базар бағасынан арзанырақ сату.

Марлен Ахметов, «Алтын Орда» базарының аға бақылаушысы:

Ауа райының қолайсыздығына байланысты жай пісіп жатады, көрші мемлекетте ертерек пісіп жатады. енді-енді басталады ғой, бізде. Келген сайын қойып отырамыз.

Иә, қазір көрші елдің тауарлары самсап тұр. Дәл сол жерден өнімді көтерме бағада алған жергілікті кәсіпкерлер 15-20 теңге қосып, келілеп сатуда. Былтыр қараша айында жасалған меморандумның уақыты мамыр айының соңында аяқталып та қалған. Енді Сауда комитеті дәл осы орындарға өзге өңірлердің шаруа қожалықтарын шақыруға кірісіп кеттік дейді.

Айдар Әбілдәбеков, ҚР Сауда және интеграция министрлігі комитет төрағасының міндетін атқарушы:

Өткен аптадан бері Түркістан Жамбыл мен облысына звондап жатырмын. Билік өкілдеріне, ауыл шаруашылық басқармаларына. Шаруалар келе берсін, осы жерде сата берсін, базар міне, орын бар, кіру тегін. Өздерінің өнімдерін сатам десе қанекей деп. Қалған мына Алматы, Жетісу облысында жақын арада пісіп жатқан жоқ қой. Сондықтан тек қана сол жақта пісіп жатыр. Кеше Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары капуста қырғын, өткізетін жер таппай отырмыз дейді. Келсін, сатсын дедім.

Ал Алматы облыстық кәсіпкерлік басқармасы келісім-шарттың уақытын ұзартамыз деп бекініп отыр. Ол кезде шаруалар бәрібір біз бекіткен бағадан қымбаттата алмайды дейді. Мәселен, осы жылдың екінші тоқсанындағы бағаға сәйкес, қырыққабат - 91, пияз - 171, сәбіз - 264, картоп - 248 теңгеден асып кетпеуі қажет екен. Ал дәл қазір бұл өнімдердің кейбірінің бағасы «Алтын Ордада» 60 теңгеге дейін қымбат.

Әйгерім Ердәулет


Хабарламаларға жазылу