Басты Жаңалықтар Ұлттық ғылым академиясына – 80 жыл

Ұлттық ғылым академиясына – 80 жыл

Ұлттық ғылым академиясының құрылғанына 80 жыл толды. 1946 жылы академик Қаныш Сәтбаевтың бастамасымен құрылған ғылыми мекеме бүгінде отандық зерттеулерді жаңа технологиялармен ұштастырып, ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізуге басымдық беріп отыр. Академияның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясы бекітіліп, жасанды интеллект, су ресурстарын басқару, энергетика және биотехнология бағыттарындағы жобалар қолға алынған. Сонымен қатар халықаралық ғылыми ынтымақтастық кеңейіп, шетелдік ғалымдармен бірлескен зерттеулерге жол ашылды. Мерейтойға арналған салтанатты жиында Мемлекет басшысының құттықтау хаты оқылып, бес жас ғалымға тұрғын үй сертификаттары табысталды. Сондай-ақ отандық ғылымның дамуына үлес қосқан ғалымдар марапатталып, Академияның тарихына арналған көрме ұйымдастырылды. Салтанатты жиынға отандық және шетелдік ғалымдар мен ғылыми ұйымдардың басшылары қатысты. Ал Ғылым академиясының мүшесі Серікжан Сейтжанов елдегі бірегей голографиялық кешенді, яғни Қаныш Сәтбаевтың интерактивті голограммасын академияға сыйға тартты.

Музаффер Шекер, Түркия ғылым академиясының президенті:

Біз табиғи ресурстарды сақтау бағытындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған арнайы келісімге қол қойдық. Бұл құжат екі ел арасындағы ғылыми байланысты нығайтып, бірлескен зерттеулерге тың серпін береді. Бұған дейін де көптеген ортақ жобаны жүзеге асырдық. Ендігі міндет - осы әріптестікті кеңейтіп, ғылым саласындағы байланысты жаңа деңгейге көтеру.

Бөлісу