Алматыда Бердібек Сапарбаевты ақтық сапарға шығарып салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда Бердібек Сапарбаевты ақтық сапарға шығарып салды

11.06.2023

Алматыда мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев ақтық сапарға аттандырылды. Қаралы жиынға Бердібек Машбекұлының туған-туысы, Үкімет мүшелері, облыс әкімдері, Парламент депутаттары мен қоғам қайраткерлері қатысты. «Тұтас бір дәуір көшті»,- десті қабырғасы қайысқан қауым. Замандас-әріптестері Бердібек Сапарбаевтың тынымсыз еңбегі мен тұлғалық қасиеттері туралы естеліктер айтты. Премьер-министр Әлихан Смайылов Президенттің көңіл айту жеделхатын жеткізді. Ол Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді.

Мұрат Бақтиярұлы, қоғам қайраткері:

Әкімдер көп қой, біреу келіп жатады, біреу кетіп жатады. Бірақ Бекеңның орны ерекше еді. Қазақстандағы әкімдер институтының эталоны деп айтар едім Бекеңді. Қай жерде болмасын, ел жақсы көреді. Таза әкім болды, артынан сөз ергізген жоқ.

Мейрамбек Төлепберген, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Осындай тұлғалардың кетіп бара жатқаны өте өкінішті... Бірақ артында жақсы ісі қалды. Осылардың бәрін үйрену керек бізге. Ұлы тұлғалардың үлгісін, тәжірибесін біз пайдалануымыз керек. Бекеңнің әрбір күні бізге тағылым. Соңғы уақыттардың өзінде қаншама кездесуде көрдім, сол Бердібек, кәдімгі Сапарбаев деген әдемі есімді арқалап жүрген адам барлық уақытта сүйкімді қалпында елдің жүрегінде сақталады деп ойлаймын.

71 жасқа қараған шағында қайтыс болған Бердібек Сапарбаев 50 жылын мемлекеттік қызметке арнаған. Еңбек жолын қарапайым жұмысшы болып бастаған. Әр жылдары Қазақстанның 5 аймағын, атап айтқанда Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе мен Жамбыл облыстарын басқарды. Әулиеата жерінде екі жылдай қызмет етіп, былтыр зейнетке шықан еді. Үзеңгілестері оны ұстанымы бөлек, ұлтжанды, талап қойғыш, қиын сәтте батыл шешім қабылдайтын іскер басшы ретінде еске алып жатыр. Бердібек Сапарбаев екі рет Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі, екі рет Үкімет басшысының орынбасары болды. Марқұм жақында ғана оқытушылық қызметке кірісіп, ғылымға ден қоюды ойлап жүрген еді.

 

Хабарламаларға жазылу