ЕАЭО елдерінің негізгі өндірістік көрсеткіштері тұрақты өсімді көрсетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ЕАЭО елдерінің негізгі өндірістік көрсеткіштері тұрақты өсімді көрсетті

09.06.2023

Жыл басынан бері ЕАЭО елдерінің негізгі өндірістік көрсеткіштері тұрақты өсімді көрсетті. Өңдеуші өнеркәсіптегі өнім көлемі бірінші тоқсанда 1,4%-ға ұлғайған. Сочи қаласында Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтті. Шараға үкімет басшысы Әлихан Смайылов қатысып, бірқатар өзекті мәселелерді көтерді.

Алқалы жиынға қатысқандар сауда-саттықтағы кедергілерді жою, теміржол көлігімен жүк тасымалдауды цифрландыру бойынша шараларды тездету керектігін тілге тиек етті. «Шығыс – Батыс» және «Солтүстік – Оңтүстік» бағыттары бойынша көлік инфрақұрылымын дамыту керек. Ал Қазақстанның ЕАЭО елдерімен тауар айналымы 12%-ға өсті.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Бүгін ЕАЭО органдарында әрі қарай даму үрдісі талқыға түсуде. Еуразиялық жоба экономикалық негізде дамуға тиіс деп есептейміз. Республикада өнеркәсіп кооперациясы шешуші рөл атқарады. Алайда жобаларды таңдау және дамыту кезінде ортақ мүдделерді, сондай-ақ ЕАЭО елдерінің әлеуетін міндетті түрде ескеру қажет. Әлемдегі қазіргі ахуалды ескере отырып, Қазақстан «ЕАЭО кооперациясын дамыту орталығы» болуға дайын.

Бұл бастаманы Президент Жоғары кеңестің өткен отырысында ұсынған болатын. Сонымен қатар еліміз ірі логистикалық орталықтарды құру бойынша жұмыс істеп жатыр. Атап айтқанда, Өзбекстанмен Халықаралық өнеркәсіптік ынтымақтастық орталығын, Қырғызстанмен сауда-логистикалық кешенін құру жоспарланған.

Жанель Кушукова, ҚР Сауда және интеграия вице-министрі:

Барлығы 20-ға жуық сұрақ қаралды. Барлық мәселелер біздің мемлекеттеріміздің экономикалық өзара іс-қимылының әртүрлі аспектілеріне қатысты. Өзекті мәселелер экономиканы жақсартып, жұмысты жандандыруға сеп болады.

Отырыс қорытындысы бойынша, бірқатар құжатқа қол қойылды. Сондай-ақ Сочиге жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы Ресей премьер-министрі Михаил Мишустинмен, Кубалық әріптесі Мануэль Марреро Круспен екіжақты кездесу өткізіп, ынтымақтастықты күшейту мәселелерін талқылады.


Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу