Мемлекет басшысы Астана халықаралық форумына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Астана халықаралық форумына қатысты

08.06.2023

Соғыстар мен қақтығыстар идеологиясын тоқтату керек! Мемлекет басшысы Астана халықаралық форумында әлемдік қауымдастықты осыған шақырды. Геосаяси қысымдар әлем елдерін бір-бірінен алшақтатып жатқанда бірігу керек деді. Әрі Президент БҰҰ-ның өңірлік орталығын құруды ұсынды. Әлемнің 40-қа жуық елінен 500-ге жуық делегат - Қатар Әмірі, Қырғыз Президенті, Босния және Герцеговина Президиумының төрағасы, халықаралық валюта қорының басқарушы директоры, бизнес элитасының серкелері, салмақты сарапшылар Астанаға жиналды. Олар ғаламдық проблемаларды талқыға салды. Ал әлемде проблема аз емес. Сын-қатер көбейді, дағдарыс дендеп барады. Қасым-Жомарт Тоқаев қауіптің ең қиынын атады - климаттың өзгеруі. Жаһандық жылыну қатері жыл өткен сайын артып келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ғаламдық ауа температурасының 2050 жылға қарай 1,5℃-қа көтерілуін сәтті шектеу мүмкін болғанның өзінде, Орталық Азия елдері күн райының 2-ден 2,5 ℃-қа дейін көтерілгенін байқайды. Бұл біз өмір сүретін ортаның траформациясына, нақтырақ айтқанда шөлге айналуына, одан кейін тіршіліктің жойылуына алып келеді. Сондықтан барлық сын-қатерге дайын болуымыз керек.

Су - тіршілік көзі. Бірақ ресурс жетіспейді. Бұған бүкіл әлем алаңдап отыр. Оның үстіне біздегі мұздықтардың көлемі кеміп барады. Қазірдің өзінде 30 пайызға қысқарған. Трансшекаралық өзендердің де жайы мәз емес. Тартылып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Аймақтағы екі үлкен өзен Сырдария мен Әмудариядағы су деңгейі 2050 жылға қарай 15 пайызға түседі. Біз аймақтағы экологиялық апаттың алдын алу үшін Халықаралық Аралды қорғау қорын қолдауға көбірек қаржы бөлуге шақырамыз.

Тоқаевтың бұл идеясын Өзбекстан премьер-министрі де құптады. Шетелдік инвесторларды Арал теңізінің мәселесін шешуге шақырды.

Абдулла Арипов, Өзбекстанның Премьер-Министрі:

Осы алаңды пайдалана отырып, халықаралық серіктестер мен инвесторлардың назарын Орталық Азиядағы экологиялық мәселелерге аударғым келеді. Бұл орайда Арал апатының салдарын ескеру маңызды.

Ал Қырғызстан су кодексін қайта қарап жатыр. 2040 жылға дейін стратегия қабылдамақ. Көрші елдің қазіргі энергия қоры 140 гигаваттан асады. Оның 13 пайызы ғана игерілген.

Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының Президенті:

Біз су ресурстарына бас мән береміз. Тіршілік нәрін әділ әрі саналы түрде пайдалануды құптаймыз. Осы бағытта заң қабылдадық. Жаңартылатын энергия көздерін өндіру үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орнатуға ашықпыз.

Осы орайда Президент климат және өзге де мәселелерді талқылау үшін Орталық Азия елдерінің жобалық кеңсесін құруды ұсынды. Орналасатын жерін де атады – Алматы. Жалпы, Қазақстанның транзиттік әлеуеті жоғары. Шығыс пен батысты, солтүстік пен оңтүстікті жалғап отыр. Қазіргі геосаси жағдайларға қарамастан бұл маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Енді экономиканы әртараптандыру бағытына бетбұрыс керек. Осылай деді де Президент инвесторларды тарту жұмысы жалғасатынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз іскерлік және экономикалық серіктестік үшін жаңа мүмкіндіктер іздегендердің бәрін шақырамыз. Мысалы, Қытайды Еуропалық Одақпен байланыстыратын орта дәліз немесе Транскаспий халықаралық көлік бағыты сауда мен инвестиция үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл бағыт тауарды Үнді мұхиты арқылы тасымалдау мерзімін екі есе қысқартады.

Ал UNESCO-ның бас директоры Одрэ Азуле Абайдың сөздеріне сүйенді. Білім, ғылым арқылы ғана ортақ проблемаларды шешуге болатынын айтты. Өйткені, жаһандық жылыну салдарынан 2050 жылға қарай мұздықтардың көп бөлігі жойылып кетуі мүмкін. Проблеманы шешу үшін ғылыми ізденіс керек деді.

Одрэ Азуле, UNESCO-ның бас директоры:

Ұлы Абайдың 38-ші қарасөзінен үзінді келтіргім келеді: «Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде ешнәрсені оларсыз біліп болмайды». Яғни біз ынтымақтасты ғылымнан бастауымыз керек. 2025 жылға қарай біз Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстандағы мұздықтар мен мұзасты көлдерінің картасын жасағымыз келеді.

Халықаралық валюта қорының басшысы әлемде кедейшілік көбейіп жатқанына алаңдаушылық білдірді. Бұған шешімдердің дұрыс қабылданбай жатқаны себеп деді.

Кристалина Георгиева, Халықаралық Валюта Қорының Басқарушы Директоры:

Онсыз да қарқыны жоқ экономиканы баяулатып тастағандаймыз. Шектеулер көбейді. Осыны тоқтату керек. Инфляцияны бақыламайтын болсақ, өсімге тежеу болады. Инфляция – кедейлерге салық секілді. Одан сайын кедейлендіре түседі. Осы құрылымдық өзгерістерді бағалауымыз керек. Болашақта қандай шығындар болады. Бұған жан-жақтан зерттеу керек.

Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев форумға қатысты модератордың сауалына да жауап берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Меніңше, біз қазіргі проблемалардың, адамның өміріне қауіп төндіретін мәселелердің мәніне тереңірек үңілуіміз керек. Шын мәнінде, әлемдегі қарапайым адамдардың өмірі қиындай түсті. Біз, ең алдымен, мұны мойындауымыз керек. Екіншіден, біз атышулы мәселелерге ғана назар аудармауымыз керек. Біз осы шеңберден шығып, бәрімізді біріктіретін мәселелер туралы айтуға тиіспіз. Қысқаша айтса, осы мәселелерді шешуіміз керек. Менің көзқарасым бойынша, диалог пен пікір алмасу және сіз айтқан әділдік текетірестен, соғыс пен қақтығыс идеологиясынан жоғары тұруға тиіс.

Соңында Президент соғыстар мен қақтығыстар идеологиясын тоқтату керегін айтты.

Асима Нұрбайқызы, тілші:

Қауіпсіздік. Бүгінгі форумда ең көп қолданылған сөз. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген экономика көшбасшылары, салмақты сарапшылар, халықаралық ұйым өкілдері жер бетіндегі шиеленістерге алаң. Тосқауыл керек десті. Жиналғандардың тағы бір ортақ ойы – интеграция. Өйткені, бірігу арқылы ғана күрделі проблемаларды шешуге болатынын көпшілігі жақсы түсініп отыр.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу