Каирде «Сұлтан Аз-Захир Бейбарыс» мешіті қайта жөнделіп, салтанатты түрде ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Каирде «Сұлтан Аз-Захир Бейбарыс» мешіті қайта жөнделіп, салтанатты түрде ашылды

04.06.2023

Биыл Бейбарыс Сұлтанның туғанына 800 жыл. Ол Мысыр мен Шам елін 17 жыл бойы биледі. Оның кезінде мешіт, медреселер салынып, ғылым-білімді дамытуға да үлкен көңіл бөлінді. Сондықтан да Мысыр халқы әлі күнге дейін ұлы Мәмлүк мемлекетінің негізін қалаған сұлтанға ерекше ықыласпен қарайды. 800 жылдыққа орай 600 ден аса іс-шара жоспарланып отыр. Оның бір парасы Каир қаласында өтеді. Бүгін осы іс шаралардың ең маңыздысы өтті. 8 ғасыр бұрын іргетасы қаланған «Сұлтан Аз-Захир Бейбарыс» мешіті қайта жөнделіп, салтанатты түрде ашылды. Каирге біздің тілшіміз Шерхан Жамбылұлы да арнайы барды.

Бүгін Қазақстан мен Мысыр үшін тарихи күн деп айтсақ болады. Себебі көптен бері жөндеу жұмыстары жүргізілген Бейбарыс Сұлтан мешіті көпшілік үшін есігін қайта айқара ашып жатыр. Мысыр үкіметі бұл тархи мұраны қалыпқа келтіруді 1960-жылдары бастаған. Алайда, қаражаттың жетіспеуі салдарынан жұмыстар бірде тоқтап, бірде қайта жанданып, қазіргі таңда өзінің міне мәресіне жетті. Қазақстан тәуелсіздік алғалы даңқты бабамыздың мешітін жөндеуге атсасылу жұмысын пысықтады. 2007 жылы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылып, Қазақстан үкіметі 4,5 млн АҚШ долларын бөлді. Ал қалған қаражатты Мысыр үкіметі бөлді. Бүгін салтанатты ашылу рәсіміне Сенат төрағасы бастаған Қазақстанның үлкен делегациясы келді.

Ғибадат орны 1269 жылы Бейбарыс Сұлтанның тікелей әмірімен өз заманының ең озық сәулет үлгісімен салынған. Оның пішіні төртбұрышты. Кей деректер бойынша Сұлтан Бейбарыс Мысыр мен Шам елі төрт құбыласы түгел біртұтас мемлекет болатынына үмітпен қарап, мешіттің жобасын осылай бекітеді.Ғимаратты безендіруге қажетті мәрмәр тастары мен асыл ағаштарды Антакиядан алдыртады.Дегенмен әр заманда, әр билік тұсында бұл мінәжат орны түрлі мақсатта пайдаланылған. Орта ғасырда наубайхана, сабын қайнататын орын тіпті әскери қойма ретінде де пайдаланылған. Сонымен қатар бүгін Каир қаласында Бейбарыс Сұлтанның 800 жылдығына орай ғылыми конференция өтіп, ауқымды іс-шара қазақ өнерпаздарының концертімен түйінделеді. Жалпы бұл тарихи датаға байланысты 600ден аса іс-шара ұйымдастырылмақ.

Шерхан Жамбылұлы



Хабарламаларға жазылу