Алматыда Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығы ашылды

01.06.2023

Алматыда балалар мерекесіне орай Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығы ашылды. Қосымша білім беру мекемесін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аралап көріп, жеткіншектерді мейрамымен құттықтады. Әрі қаланың қоғамдық көлік жүйесімен танысып, осы саланы одан әрі реформалауды тапсырды.

Наурызбай – Алматыдағы үлкен аудандардың бірі. Бұрын мұнда балаларға қосымша білім беретін жөнді мекеме жоқ еді. Түрлі үйірмелерге бару үшін ұл-қыздар енді алысқа қатынамайды. Бүгін оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығы ашылды.

Бұл оқушылар үшін балалар мерекесінде ерекше тарту болғаны анық. Оның үстіне орталықты Президенттің өзі келіп ашып берді. Мұнда аты айтып тұрғандай инновациялық бағытта түрлі үйірмелерге қатысып, шығармашылықпен айналысуға барлық жағдай жасалған. Мәселен мына бөлмеде қыз-жігіттер жел станциясын жасауды үйреніп жатыр.

Жаңартылатын энергия көздерін біз осы зертханада зерттейміз. Бізде жел турбиналары сонымен қатар күн батареяларын компьютердегі 3D нұсқаулықтарға қарай отырып құрастырамыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жаңартылатын энергия көздері шын мәнінде өте өзекті мәселе. Үкімет барлығымыз бұл мәселеге баса назар аударамыз. Сондықтан бұл мәселенің болашағы жарқын болады деп ойлаймын. Табыс тілеймін.

Ал бұл болашақта Илон Маск секілді болуды армандайтындардың үйірмесі. Оқушылар мұнда авимодельдеумен айналысады, бағдарламалауды үйреніп, дрондарды жасайды.

Орталықта оқушыларды шығармашылыққа баулып, экологиялық-ботаникалық дүниетанымын кеңейтетін, болашақ мамандығын таңдауына бағыт-бағдар беретін түрлі клубтар жұмыс істейді. Бұдан бөлек психолог, дефектолог, логопед кабинеттері, 300 орындық көрермен залы, медиакөрме, интерактивті ойын және коворкинг алаңдары бар. Оларды аралап көру кезінде президент балалардың дарынын, қабілетін арттыру үшін осындай орталықтар қажет екенін атап өтті. Сондықтан 2025 жылға дейін қалада осындай тағы бірнеше орталық салынбақ.

Ал бұл қаладағы автобустарды диспетчерлік басқару орталығы. Мұнда президентке қоғамдық көлік жүйесі таныстырылып, жолаушылар тасымалы мәселелерінің қалай шешіліп жатқаны баяндалды. Холдинг басшысының айтуынша электронды төлем жүйесі енгізілгелі көлеңкелі ақша айналымы 3 еседей азайған. Түсім 10 миллиардтан теңгеден 27-ге жеткен.

Досжан Маратұлы, тілші:

Десе де салада әлі де қордаланған проблемалар жетерлік. Сондықтан мемлекет басшысы қоғамдық көлік жүйесін реформалауды жалғастыру керек деді. Яғни автобустарды жаңарту, бағыт-бағдарлардың тиімділігін арттыру секілді жұмыстар назардан тыс қалмауы керек. Өйткені 2 миллиондай тұрғыны бар шаһар үшін мұның маңызы зор.


Хабарламаларға жазылу