Атырауда «Мақат-Солтүстік Кавказ» магистралды газ құбырының екінші тармағы іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда «Мақат-Солтүстік Кавказ» магистралды газ құбырының екінші тармағы іске қосылды

31.05.2023

Атырауда «Мақат-Солтүстік Кавказ» магистралды газ құбырының екінші тармағы іске қосылды. Іргелі істің жүзеге асуына - «QAZAQGAZ» Ұлттық компаниясы инвестиция құйды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен орындалған бірегей жоба, халықты көгілдір отынмен үздіксіз қамтуға мүмкіндік береді.

«Мақат-Солтүстік Кавказ» газ құбырының екінші тармағы дер кезінде іске қосылды», - дейді мамандар. Өйткені 5 жыл бұрын жүргізілген тексеру – қолданыстағы желіде ақаудың барын анықтаған. 86 млрд теңге шамасында қаржы жұмсалған жобаның нәтижесінде, бұл мәселелер толықтай жойылды. Осылайша 30 жыл бойы елдің игілігіне жараған магистраль, қуатын арттырып қайта түледі.

Қайрат Нұртаев, Облыс әкімінің орынбасары:

Бүкіл Атырау облысындағы ірі өндірістік мекемелеріміз бар, әлеуметтік нысандар салынып жатыр бізде. Соның бәрін үздіксіз газбен қамту мақсатында жүзеге асырылып жатқан жоба.

Әлеуметтік әрі стратегиялық маңызы бар жобаның құрылысына 600дей адам тартылды. Жаңа құбыр жылына 13 млрд текше метрден астам табиғи газ тасымалдауға қауқарлы.

Санжар Жаркешов, «Qazaqgaz» Ұлттық компаниясының төрағасы:

Біріншіден – Атырау облысының энергетикалық қауіпсіздігін арттырады. Екіншіден – Атырау облысы тұрғындарының өмір сүру жағдайын және де еңбек жағдайын жақсартады. Үшіншіден – арнайы экономикалық аймақты газбен қамтамасыз етеді.

Құбырдың ұзындығы 130 шақырым. Жоба аясында өңірдегі өндірістік нысандар табиғи газға көшеді. Сондай-ақ «Ұлттық индустриалды мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағын үздіксіз көгілдір отынмен қамтуға мүмкіндік береді.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу