Сонымен, оқу жылы аяқталды. Биыл Солтүстік Қазақстандағы 170 елді мекенде мектептің жоқтығынан балалар көрші ауылдарға қатынап оқыды. Жыл сайын өңірде орта есеппен 7 білім ошағының есігіне қара құлып ілінеді. Өңірдегі 48 ауылда бастауыш мектеп қана жұмыс істеп тұр. Алдағы оқу жылында олар да жабылуы мүмкін. Ал қазір жайқалған гүлдің орнын арамшөп басқан, асыр сала ойнаған бала да жоқ. Бұл Есіл ауданындағы Көктерек ауылы.
Эльмира Кәленова, тілші:
Бұл мектеп 5 жыл бұрын жабылған. Ауыл тұрғындары оның қайта ашылатынына үмітті. Сондықтан жергілікті кәсіпкер нысанды сатып алған. Алайда күтім көрмеген ғимарат біртіндеп бұзылып жатыр. Мектепті қайта ашу мәселесі қарастырылса, кәсіпкер нысанды мемлекет меншігіне тегін беруге дайын. Алайда оны жөндеуге қыруар қаржы қажет. Елді мекенде 60 шаңырақ түтінін түтетіп отыр. Мектеп жасындағы 20 шақты бала бар. Олар аудан орталығына қатынап оқиды.
Ләззат Ыбыраева, ауыл тұрғыны:
Қызым күнде сабаққа жаяу барып жүр. Таңертең 6-да тұрады. 6.30-7.00-де солай шығады. Бізде Смирнов 3 шақырым жерде орналасқан. Сабақ 8.30-да басталады.
Өңірде 465 білім ошағы бар. Оның 170-і шағын жинақталған. Бастауыш мектепте кемінде 5, негізгі мектепте 41, орта мектепте 81 бала оқуы шарт. Алайда...
Нәзір Жәшібеков, облыстық білім басқармасының басшысы:
172 мектеп осы талаптарға сай келмейді. Сол себепті жылда мектеп жабылады немесе қайта құру болады. Шағын жинақталған мектептерде орташа есеппен алғанда 60-70 бала оқиды.
2021-2022 жылдары өңірде 14 мектеп жабылған. 7-і қысқартылып, бастауыш сыныптар ғана қалған. Биыл да оқушы саны есептелгеннен кейін, бірнеше білім ошағы жұмысын тоқтатуы мүмкін.
Эльмира Кәленова