Басты Жаңалықтар Алматыда «Тірек: қыз тағдырының арқауы» атты дата-арт көрме ашылды

Алматыда «Тірек: қыз тағдырының арқауы» атты дата-арт көрме ашылды

Алматыда «Тірек: қыз тағдырының арқауы» атты ерекше дата-арт көрмесі ашылды. Онда Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстаннан келген суретшілердің 14 жұмысы қойылды. Туындылар Еуропа және Орталық Азиядағы «Біріккен Ұлттар Ұйымы - Әйелдер» құрылымының қолдауымен дайындалып, нақты гендерлік деректерге негізделген. Экспозицияда әйелдердің көшбасшылыққа ұмтылысы, көрінбейтін еңбек, экономикалық теңсіздік, кемсітушілік, гендерлік зорлық-зомбылық, ана өлімі, әлеуметтік нормалар секілді өзекті мәселелер көркем тілмен өрнектелген. Көрме бағдарламасында суретшілер және қоғам қайраткерлерімен пікірталастар, арт-сессиялар, шүберектен қуыршақ жасауға арналған уоркшоптар мен түрлі тақырыптық талқылау өтеді деп жоспарланған.

Жанна Асанова, ұйымдастырушы:

Біз өнер арқылы көп мәселені ашып көрсеттік. Сандарды көркем бейнелерге айналдырып, гендерлік статистикаға жан бітірдік десек те болады. Бұл келушілерге ерекше әсер сыйлап, терең ойлануға жетелейді. Сол арқылы біз негізгі мәселелерді айқындап қана қоймай, Орталық Азиядағы әйелдер мен қыздардың құқығын көрсеткіміз келеді.


Бөлісу