Басты Жаңалықтар Жаңаөзенде «Оразмағамбет» тарихи драмасының премьерасы көрсетілді

Жаңаөзенде «Оразмағамбет» тарихи драмасының премьерасы көрсетілді

Маңғыстауда Жаңаөзен қаласында Оразмағамбет Тұрмағанбетұлына арналған «Оразмағамбет» тарихи драмасының премьерасы өтті.

Тарихи драма «Алтын шаңырақ» халықтық драма ұжымы және жергілікті өнерпаздардың қатысуымен сахналанды. Қойылымда Оразмағамбет Тұрмағанбетұлының ғылым жолындағы еңбегі, ел алдындағы қызметі, қуғын-сүргін жылдарындағы қиын тағдыры бейнеленді. Көрермен тарихи тұлғаның қайсар болмысымен және ел болашағы үшін жасаған еңбегімен танысуға мүмкіндік алды.

Нартай Сауданбекұлы, сценарий авторы:

Жалпы, Оразмағанбет образы өте күрделі образ екен. Бұл, біріншіден, ишан, молда, оқыған геолог, емші, ұстаз. Қазақта «жігітке жеті өнер де аз» дейді ғой, бойына көптеген қасиетті сіңірген үлкен тұлға екен. Осы тұлға туралы біз іздендік. Тіпті үлкен ауқымды сценарий жазбақ болдық. Ол, бұйыртса, болашақтың еншісінде.

Қойылымның қоюшы режиссері Ләззат Ерубаеваның айтуынша, тарихи драманы сахналауға 100-ге жуық адам атсалысқан. Басты кейіпкерді жаңаөзендік актер Айдос Жұмабаев сомдады. Қойылымнан кейін өңір зиялылары тарихи туындының маңызы туралы ойын ортаға салып, Жаңаөзен қаласының әкімдігі тарапынан сценарий авторларына құрмет көрсетілді.


Бөлісу