Елордада ғалымдар тоталитарлық режим құрбандарының рухына тағзым етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада ғалымдар тоталитарлық режим құрбандарының рухына тағзым етті

31.05.2023

Өткенге - тағзым, болашаққа - тағылым. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай елордада алаштанушы-ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері тоталитарлық режим құрбандарының рухына құран бағыштап, тағзым етті. Іс-шара қалалық әкімдіктің ұйытқы болуымен ұйымдастырылды.

Белгілі алаштанушы-ғалымдар Байқоңыр ауданы әкімдігінің өкілдері мен жастар алдымен «Қараөткел» бейітінде болды. Мұнда мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Сәдауақасұлының рухына құран бағышталды. Алаш ұлы қысқа ғана 33 жылдық өмірін қазақтың азаттығы мен теңдiгiне арнаған. НКВД тұзақ құрып, жұмбақ жағдайда Мәскеуде қайтыс болған Смағұлдың денесi 1933-жылы арнайы пеште өртелген.

Дихан Қамзабекұлы, алаштанушы, ҚР ҰҒА академигі:

11 жылы Мәскеуден сүйегінің күлі алынып келді. Бұл – үлкен қаһарман. Қараөткел бейіті. Осы жерде аэроснимок жасаған жоғарыдан, 3 шұңқыр бар дейді. Сол қиын кездері, аштық жылдары, репрессия жылдары марқұм болған адамдарды осы жерге жерлеген.

Бұдан кейін жиналғандар «Қаламгерлер» аллеясында Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов және Міржақып Дулатовтың ескерткішіне гүл қойды. Алаш көшбасшылары Қазақ елінің дербестігі мен өзге елдермен терезесін тең ету үшін батыл күресті. Сол жолда өздерін құрбан етті.

Ерлан Сайлаубай, «Ел тарихы» ҒЗО директоры, тарих ғылымдарының кандидаты:

Тәуелсіздіктің үлкен бағыт-бағдары – өткен тарихқа тағзым. Одан тағылымды сабақ алу. Ащы да болса сабақ алу. Менің түсінігімде әрбір қазақ азаматы Отаным, елім, жерім деп қызмет еткенде осы Алаш тұлғаларын, елдік қызмет, қасиеттерін бойына сіңіру қажет.

Үш арыс - Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров пен Бейімбет Майлин ескерткіштеріне де гүл қойылды. Алаш арыстарының еңбегіне лайықты баға беру және құрметтеу - азаттық идеясына адалдық. Ұлт қайраткерлері халқы үшін қалай тер төксе, олардың рухтарына тағзым ету де елді ұйыстырып, тарихи жадымызды жаңғыртуға ықпал етпек.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу